Астананы Қосшы қаласына жалғайтын жеңіл рельсті көлік (Light Rail Transit немесе LRT) инфрақұрылымының құрылысы басталды. Бұл туралы City Transportation Systems көлік кешенін басқару операторы хабарлады.
"LRT жобасының екінші кезеңін Қосшы қаласы бағытына іске асыру аясында алғашқы тірекке бетон құю жұмыстары орындалды. Сонымен қатар Астана қаласындағы бетон зауытында желінің эстакадалық бөлігіне арналған алғашқы темірбетонды құрастырмалы арқалық дайындалды" деді компания.
Мәлімдемеге қарағанда, Қосшы бағытында 300-ден астам тірек тұрғызу, 538 құрастырмалы темірбетонды эстакадалық арқалықты, сондай-ақ сегіз монолитті арқалықты монтаждау жоспарланған.
Қосшы бағытына қарай LRT жолағының салынатынын былтыр қазанда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеген. Әкім сондай-ақ қала орталығын ескі теміржол вокзалына жалғайтын жолақ та салынатынын айтқан.
Ал әуежайдан жаңа теміржол вокзалына баратын бастапқы жолақтың негізгі құрылысы былтыр күзде аяқталып, сынақ кезеңі басталған. Сәуірдің аяғында Жеңіс Қасымбек бірінші жолақ екі-үш аптада ресми іске қосылатынын айтқан. Жолақысы 200 теңге болмақ. Ұзындығы 22 шақырымнан асатан бұл бағытта барлығы 18 станция салынған. Пойыздар арасындағы интервал шамамен 4-5 минут болатыны айтылады.
LRT – Қазақстандағы ең даулы жобалардың бірі. Құрылыс ресми түрде 2017 жылы мамыр айында басталған. Астанада жұрт жақсы білетін "мұнаралар" сол кезде пайда болған. Жобаға салынған ақшаны алған "Астана банкі" 2018 жылы лицензиясынан айырылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, оны "даулы жоба" деп атаған. Бірақ кейін қосымша қаржы қарастырылып, LRT құрылысы аяқталатын болды.
2021 жылы қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана LRT" компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан Стамбұлда екенін, оны ұстау шаралары жүріп жатқанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша тағы бір айыпталушы Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та екенін, АҚШ-пен экстрадиция бойынша екіжақты келісім жоқ болғандықтан оны елге қайтару мүмкін еместігін айтқан. Сот Ардан мен Сұлтанбековті сырттай қамауға санкция берген.
Былтыр мамырда Талғат Ардан Түркияда ұсталғаны мәлім болды. Сол айда LRT-дағы ақша жымқыру ісі бойынша бір топ адамға үкім шықты.