"Путин жанындағылар қастандық жасай ма деп қауіптеніп, бункерде тығылып отыр" – батыс барлауы

Ресей президенті Владимир Путин онлайн жиынға қатысып отыр. 23 сәуір 2026 жыл.

"Ресей президенті Путин қастандықтан я төңкерістен қорқып, бірнеше аптадан бері бункерде отыр" деп жазды Financial Times басымылы екі дереккөзіне сілтеп. Бұған қоса, "Важные истории" сайты Еуропадағы бір елдің барлауының есебіне сүйеніп "Ресейдің федеральды қызметі Путиннің күзетін күшейткен" деп хабарлады.

Еуропадағы арнайы қызметтің мәліметінше, Путин елдегі элита сөз байласып мемлекеттік төңкеріс жасай ма деп қауіптенеді, бұған қоса ол өзінің маңындағылар дронмен соққы жасап өлтіруі мүмкін деп күдіктене бастаған.

Басылымдардың жазуынша, Путин мен оның жақындары Мәскеу түбіндегі және Валдайдағы резиденциясына баруды тоқтатқан. Батыс барлаушылары "Путин Краснодар аймағындағы бункерде отыр, ал жаңалықтарда алдын ала түсірілген кадрлар көрсетілуі мүмкін" деп топшылайды.

Мәскеуде Путин отыратын я жүретін маңдарда интернет пен байланысты өшіру жиілеген дейді барлау қызметі. Ал Путиннің аспаздарының, фотографтары мен күзетшілерінің үйлеріне бақылау жүйесі орнатылғаны айтылады.

Еуропалық барлаушылардың пайымдауынша, Путин бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгуды басты қауіп деп санайды.

"Себебі Шойгудың әскери басшылар арасында айтарлықтай беделі бар" дейді еуропалық елдің барлау қызметі.