Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Xinjiang Lihua компаниясы директорлар кеңесінің төрғасы Чжан Цихаймен Қазақстандағы мақта-мата өндірісін арттыру жұмыстарын талқылады.
Ақорданың хабарлауынша, Чжан Цихай Тоқаевпен кездесуде Қазақстанда мақта өңдейтін екі зауыт пайдалануға берілгенін, алда тоқыма және киім өндіретін фабриканы іске қосу жоспарланғанын айтқан. Яғни, Қазақстан бұл компаниямен мақта өсіріп, одан киім мен мата өндіруді көздейді. Қазақстан мен Xinjiang Lihua бұл жоба арқылы елдегі мақта егістігін 52 мың гектарға дейін ұлғайтуға болады дейді.
Астана мақта-мата кластеріне 360 млн доллар инвестиция тартып, 4 мыңнан аса жұмыс орнын ашпақ.
Тоқаев су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдаланудың өзектілігіне назар аударып, шығыны көп мақта саласына "ақылды" цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізуді ұсынған.
Биыл қаңтарда Xinjiang Lihua компаниясы Түркістан облысында мақта-мата кластеріне 450 млн доллардан 600 млн долларға дейін инвестиция құятынын жариялаған. Бұл туралы "Қазақ Инвест" ұлттық компаниясы мәлімдеген еді.
Xinjiang Lihua Қытайдағы және Шыңжаң өлкесіндегі мақта өндірісі мен киім тігу бойынша ірі компания саналады. Пекин Шыңжаңдағы аз ұлттарды лагерьлерге қамап, қысым күшейген тұста әлемдік брендтер Қытайдың мақтасына бойкот жариялаған еді.
Құқық қорғаушылар Қытай Шыңжаңда аз ұлттарды мақта өндірісінде жұмысқа жегеді деп мәлімдеген соң H&M, Zara, Nike, Adidas, Puma, Burberry, Converse сияқты брендтер Қытайдан мақта, мата алуды тоқтатқан.