Иран АҚШ-тың соғысты аяқтау бойынша ұсынысын қарап жатыр

Тегеран, 6 мамыр 2026 жыл.

Иран билігі АҚШ-тан түскен соғысты аяқтау бойынша ұсынысты қарап жатқанын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп келісімге келуге "жақын қалдық" деп мәлімдеді, бірақ Иран ұсынысымызды кері қайтарса қақтығыс қайта басталуы мүмкін деп ескертті.

Иранның мемлекеттік ISNA ақпарат агенттігі елдің сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап, Тегеран Вашингтон ұсынысын қарауды бастағанын, бірақ кейбір ұсыныстар Иран билігінің қабылдауы қиын екенін жазған.

АҚШ пен Иран ұсыныстарын келіссөзге арағайын болып жатқан Пәкістан арқылы береді. Қазір екі тарап Иранның уран байытуы мен Ормуз бұғазына бақылау орнату бойынша келісе алмай жатыр.

Бұған дейін Reuters агенттігі Пәкістан тарабындағы дереккөзі мен келіссөзден хабары бар бір адамға сілтеп, АҚШ пен Иран қақтығысты толық тоқтату үшін меморандумға қол қоюға жақын қалғанын жазған.

Reuters дереккөздерінің сөзінше, екі тарап меморандумға қол қойған соң Ормуз бұғазын ашу, АҚШ-тың Иранға салған санкцияларын алуды және Иранның ядролық бағдарламасына шектеу қою мәселесін талқыламақ.

Тегеран ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатта деп бірнеше рет мәлімдеген, бірақ АҚШ, Израиль және Батыс елдері Иран ядролық бомба жасауға тырысып жатыр деп санайды.