Ресей СІМ Армения елшісін шақыртып, Ереван Зеленскийге "мінбер" бергеніне наразылық білдірді

Украина президенті Владимир Зеленский Еревандағы саммитте. 4 мамыр 2026 жыл.

7 мамыр күні Ресей сыртқы істер министрлігі Арменияның Мәскеудегі елшісі Гурген Арсенянды шақыртып, Ереванда өткен Еуроодақ пен Армения саммитінде Украина президенті Владимир Зеленскийге "мінбер" берілгеніне наразылық білдірді. Бұл туралы министрліктің өзі хабарлады.

Армения елшісін Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин қабылдаған. Кездесу барысында Ресей өкілі Украина президенті Владимир Зеленскийді Еревандағы сөзінде Мәскеуге "террор қаупін төндірді" деп айыптап, оған Армения тарапынан тиісті баға берілмегеніне наразылық білдірген.

Ресми хабарламаға қарағанда, елші Ресей уәжін Ереванға жеткізуге уәде еткен.

Мамырдың басында Еуроодақ пен Армения саммиті өтіп, оған Украина президенті де барған. Саммит аясындағы сөзінде Зеленский Мәскеудегі парад жайлы пікір білдіріп, шерудің әскери техникасыз өтуі Ресей билігінің украин дрондарынан қорқатынын көрсетеді деген.

4 мамырда Ресей қорғаныс министрлігі 8-9 мамыр күндері атысты біржақты тоқтататынын мәлімдеген. Бұған жауап ретінде Украина президенті Владимир Зеленский "тыныштық күнін" 6 мамырдан бастап енгізетінін айтқан. Бірақ Ресей Киевтің ұсынысын қабыл алмай, Украинаға сол күні ауыр соққы жасаған. Зеленский Украина қарымта қайтаратынын мәлімдеді.