"Кремль ризашылық білдірді". Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин және Армения премьер-министрі Никол Пашинян Мәскеудегі Жеңіс парадында. 2023 жылғы 9 мамыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады. Бұл туралы Ақорда баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өтетін Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысады. Кремль Қазақстан Президентінің бұл шешіміне ризашылық білдіріп, Мәскеуге жасайтын жұмыс сапарын достық қадам деп атады" деп жазды ол Telegram-парақшасында.

Смадияровтың жазуынша, Тоқаев сапар аясында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу өткізіп, Ресей президентінің мамырдың соңында Қазақстанға сапары қарсаңында стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқыламақ.

Мәскеудегі биылғы парад әскери техникасыз өтпек. Сондай-ақ оның уақыты да шектеулі – бір сағатқа жетпейді. Кремль мұны қауіпсіздік шараларына байланысты деп түсіндірген.

2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кіріп, осы елге қарсы ауқымды соғыс жүргізіп жатқан Ресей мамырдың басында 8-9 мамыр күндері атысты тоқтататынын мәлімдеді. Оның алдында Путиннің мұндай ұсыныс жасағанын АҚШ президенті Дональд Трамп айтқан. Киев Мәскеуден атысты тоқтату жайлы ұсыныс түспегенін хабарлап, Украина президенті "адам өмірі мерекеден қымбат" деп, "тыныштық режимін" 6 мамырдан бастап енгізетінін мәлімдеген. Бірақ Украина жариялаған тыныштық Ресей шабуылынан кейін бұзылды. Киев қарымта қайтаратынын айтты.

4 мамыр күні Ереванда Еуроодақ және Армения саммиті өтіп, оған қатысқан Зеленский парад өткізуге бел буған Мәскеу "украин дрондарынан қорқып отырғанын" мәлімдеген. Ресей "шабуыл қаупін төндіру" деп бағалап, Киев орталығына соққы жасаймыз деп сес көрсетті. Сондай-ақ, 7 мамыр күні Ресей сыртқы істер министрлігі Арменияның Ресейдегі елшісін шақыртып, оған Ереван төрінде Зеленскийге сөз берілгені үшін наразылық білдірген.

9 мамыр – Жеңіс күні Мәскеуде мобильді интернет шектелмек. Мұны Ресейдің цифрлық даму министрлігі хабарлады. Бұған дейін осыған ұқсас хабарламаны мобильді байланыс операторлары жолдаған.