Астанадағы сот қала әкімдігінің митинг өтетін орындар жайлы, ұйымдастырушылар мен өзгеде ақпараттарды жарияламау туралы шешімін қолдады.
Бұған дейін "Құқықтық медиа орталық" Астана қаласы әкімдігінің бейбіт митингілерге қатысты ақпараттарды жарияламауын "заңсыз" деп тануды сұрап, сотқа шағымданған еді. Ал сот "әкімдік заң бұзған жоқ" деп тапты.
"Сот шағым түсірген тараптың заңды мүдделері мен құқығы бұзылған жоқ деп есептейді. Шағымды қолдамауға "Жеке бас деректері заңындағы" нормалар да себеп. Сот бұл жағдайда жауап берушінің әрекетін заң бұзу деп санамайды. Бұған қоса, шағымданушы тарап шаралардың ұйымдастырушысы не қатысушысы емес. Сондықтан сот бұл шағымды қанағаттандыруға негіз жоқ деп санайды" деді судья 26 мамырдағы отырыста.
"Құқықтық медиа орталық" сотқа шағым түсіргенде Астана қаласының әкімдігі "жеке бас деректеріне байланысты" ақпараттарды жарияламайтынын айтқан еді.
Бұған дейін "Құқықтық медиа орталық" Шымкент, Павлодар және Петропавл қаласында да осындай шағым түсірген еді, бұл шағымда тараптар медиациялық келісімге келген.
Қазақстанда бейбіт митинг өткізу үшін жұрт әкімдікке алдын ала ескертіп, рұқсат алуы тиіс. Бейбіт жиындар қалада белгіленген жерлерде ғана өтуі тиіс. Әкімдіктер көбіне бейбіт митинг өткізуге бөлінген орындар бос емес деп рұқсат бермейді.
Астана әкімдігі митингілер жайлы деректерді жарияламай қойған. Сот бұл шешімді қолдады
Астанада арнайы жасақ бейбіт митингіге шыққан адамды ұстап әкетіп барады.