Көкшетауда Путиннің сапарына қарсылық танытып, жазба жариялаған белсендіні полиция ұстап босатты

Марат Жанұзақов

Көкшетаулық белсенді Марат Жанұзақовты 27 мамырда полиция ұстап, 2-3 сағаттан кейін босатты. Белсендінің сөзінше, оны Ресей басшысының Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Facebook-те шығарған жазбасына байланысты ұстаған.

“Мені төрт кісі аңдып отыр екен. Солар алып кетті. Сәтпаевтағы полицияда екі-үш сағаттай болдым. Сұрақтар қойды. Экстремизммен күрес бөлімінің бастығы. “Не үшін шығасыз?”, “Неге плакат жаздыңыз”, “Сізді суретке кім түсірді? Өшіріп тастағаныңыз дұрыс болушы еді”деді. Прокуратураның адамдарын тосты. "Қазір келеді, қазір келеді "деумен болды. Ақыры ешкім келген жоқ. Түнгі 10 жарымдарда қоя берді” деді Марат Жанұзақов 28 мамырда таңертең Азаттыққа.

Бұған дейін белсенді Facebook-та Путиннің сапарына қарсылық танытып, оны елден кетуге шақырып, плакат ұстап тұрған суретін жариялаған еді.

27 мамыр Астанаға Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келген.

2024 жылы күзде де Қазақстанға Ресей басшысы Владимир Путин мемлекеттік сапармен келген күні көкшетаулық белсенді наразылық білдірген еді.