Шайдоров шуы: Келісім-шартқа қол қойылды. Спортшы АҚШ-қа барып жаттығады

Михаил Шайдоров

Мәнерлеп сырғанаудан Милан олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров пен спорт министрлігі 2026 жылға арналған келісім-шартқа қол қойды. Бұл туралы туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.

Вице-министрдің сөзінше, келісім-шартқа қол қойылған соң Шайдоров командасымен бірге 5 маусымда АҚШ-қа жаттығуға аттанады. Спортшы бұған дейін Ресейдің Сочи қаласында, бапкері Алексей Урмановтың қол астында жаттыққан.

Шайдоров журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында "бес айдан бері министрлік тарапынан ақша алмағанын", "жаңа маусымға дайындықты бастай алмай отырғанын" айтқан. Осыдан соң министрлік "Шайдоровқа қаңтар-ақпанның айлығы төленгенін, қалған айлардың ақшасын аудару үшін спортшы келісім-шартқа қол қоймағанын" мәлімдеді.

Артынша Шайдоров 2026 жылға арналған келісім-шартта "2030 жылғы олимпиадада медаль алу талабы барын" айтып, министрліктің әрекетін сынға алған.

Михаил Шайдоров биыл ақпанда Миланда өткен қысқы олимпиадада ерлер арасында чемпион атанған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Олимпиаданың басты сенсациясы". Шайдоровтың жеңісі жайлы халықаралық басылымдар не жазды?