Тоқаев "штрафстан" дегендерді сынап, заң бұзғандарға "қатаң жаза қолдану керек" деді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте "штрафстан, айыппұлстан" дегендерді сынға алды.

"Құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек. Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді "Штрафстан", "Айыппұлстан" деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін" деді ол 2 маусымдағы жиында.

Кейінгі жылдары жұрт жол жүру ережелерін, салық, кәсіп жүргізу ережелерін бұзды деген шешімдер шығып, елде айыппұл көбейгенін айта бастаған. Қоғамда "штрафстан" деген сөз пайда болған.

2024 жылы 4 желтоқсанда "Ақ жол" партиясының депутаты Азат Перуашев парламентте Әкімшілік құқық бұзу кодексіне өзгеріс енгізу талқыланып жатқанда "сіздер елде Штрафстан жасап жатырсыз" деген еді.

Ал 28 қаңтарда Тоқаев "шоу-бизнес өкілдері, өздерін қоғам белсендісімін деп жүрген жастар, тіпті депутаттар Қазақстанның беделіне қара күйе жағып жатыр" деген. 29 қаңтарда Перуашев бұл сөзі үшін өкініш білдіріп, "сәтсіз термин қолданып қойыппын" деп мәлімдеген.