АҚШ қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Америка әскері "өзін қорғау мақсатында" 9 маусымда кешке және 10 маусымға қараған түні Иранға соққы жасады деп мәлімдеді. Олар мұны Ормуз бұғазында Иранның америкалық AH-64 Apache тікұшағын атып түсіргеніне "жауап" ретінде атады.
Иранның әуе қорғаныс жүйелері, құрлықтық басқару пунктері мен Ормуз бұғазына жақын радиолокациялық станцияларға соққы жасалған.
"Операция аймақ суы арқылы өтетін АҚШ әскері мен халықаралық сауда кемелеріне жасалған соңғы шабуылдарға пропорционалды жауап болды" деп жазылған орталықтың хабарламасында.
Иран әскері мен ислам революциясы сақшылар корпусы өкілдерінің айтуынша, бұған жауап ретінде Тегеран АҚШ-тың аймақтағы базалары мен Бахрейндегі АҚШ әскери теңіз күштерінің бесінші флотына тиесілі радиолокациялық жүйелерге шабуылдаған.
Иран билігіне қатысы бар Fars агенттігінің жазуынша, соққы Американың Кувейттегі Әл-Джахра провинциясындағы америкалық база мен Иорданиядағы F-35 америкалық жойғыш ұшақтарының базасына бағытталған.
Axios хабарлауынша, Иран кемінде төрт баллистикалық ракета мен бірнеше дрон жіберген.
АҚШ өкілі Reuters-ке Иран ұшырған "барлық ракета мен дрон" атып түсірілгенін айтты. Оның сөзінше, ешкім зардап шекпеген.