"Қазақмыстағы" ереуіл: компания әдеттегідей жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді

Kazakhmys компаниясы кеңсесі

"Қазақмыс" жұмысшылары жұмысты тоқтатып, компания басшылығына талаптар қойған. Ulysmedia.kz сайты кеншілер жалақыны көтеруді және басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакировты жұмыстан босатуды талап етіп жатыр деп жазды. Жұмысшылар Бакиров қазіргі қызметке тағайындалғаннан бері ұжымға қысым күшейгенін айтқан.

Ұлытау облысы әкімдігі журналистерге ереуіл туралы хабарды растап, компания басшылығы наразылық білдірушілермен келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан. Билік өкілдерінің сөзінше, Саят Бакиров басқарма төрағасы Рустам Өскенәлімен келіссөз жүргізетін бастамашыл топ құру үшін Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасының 100 шақты жұмысшысымен кездескен. Облыстық әкімдік "жағдайды бақылауда" ұстап отырғанын және өңірдегі жағдай "тұрақты" екенін айтады.

"Қазақмыстың" баспасөз қызметі "кәсіпорын әдеттегідей жұмыс істеп жатыр" деп мәлімдеді. Олар кеншілер наразылығы құрал-жабдықтардың техникалық жағдайына байланысты, бұған дейінгі жылдардағы қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты жабдықтар тозған деп түсіндіреді.

"Компания қолданыстағы корпоративтік механизмдер мен қабылданған әлеуметтік серіктестік рәсімдері аясында еңбек өкілдерімен өзара әрекет жасауды жалғастырады. Қазір кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Өндіріс процестері бекітілген жоспарларға сәйкес жүргізіліп отыр", деп мәлімдеді компания.

Бұл "Қазақмыс" кәсіпорындарындағы алғашқы еңбек дауы емес. 2024 жылдың желтоқсанында корпорациядағы мыңнан астам кенші жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жер бетіне шығудан бас тартқан. Бастапқыда ымыраға келмейтіндей қатаң ұстаным танытқан жұмыс беруші кейінірек келіссөз жүргізуге мәжбүр болған.

Қазіргі ереуіл "Қазақмыс" компаниясының меншік иелерінің күрт өзгергеннен бірнеше айдан кейін басталды. 2025 жылдың аяғында құрылыс магнаты Нұрлан Артықбаев мыс өнеркәсібі алыптарын көп жыл бойы басқарып келген миллиардер Владимир Ким мен оның серіктесі Эдуард Огайдан корпорацияны сатып алды. Осы мәміледен кейін "Қазақмыста" қайта құру және басқарушы топтың кең ауқымды ауысуы басталған, бұл қазіргі наразылықтың себептерінің бірі болды.