Сотталған белсенді Тұрсынбек Қабидің әйелі "жұмыстан заңсыз шығарылғанын" айтады

Тұрсынбек Қабидің әйелі Оралхан Әбен. Талдықорған, 23 қаңтар, 2026 жыл.

Алматы облысында “Қытай туын өртеу” акциясына қатысқаны үшін сотталған Тұрсынбек Қабидің әйелі Оралхан Әбенқызы мен ол жұмыс істейтін мектеп әкімшілігі арасында еңбек дауы туындады.

Бүгін, 23 маусымда Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Оралхан Әбенқызы “саяси себеппен” жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Ал Алматы облысының білім басқармасы “өзі бірнеше күн жұмысқа негізсіз келмеген” деп түсіндірді.

Алматы облысы Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылының Алмалыбақ мектебінде тазалықшы болып жұмыс істейтін Оралхан Әбенқызы жұмыстан 29 мамырда шығарылған. Мектеп әкімшілігінің ресми түсіндірмесіне қарағанда, ол 25, 26 және 28 мамыр күндері – үш күн жұмысқа себепсіз келмеген. Бірақ Әбенқызы мұны “жалған сөз” дейді.

– Мен сотты болып жатқан күйеуім Тұрсынбек Қабиге араша сұрау үшін 25 мамырда Астанаға баруым керек еді. Осы жағдайды мектеп директорына түсіндіріп, жұмыстан сұранғанымда ол жазбаша өтініш беріп кетуім керегін айтты. Жазбаша өтініш қалдырдым. 28 мамырда денсаулығым нашарлады, оны да ескертіп емханаға қаралдым. Емханада дәрігер тамырыма тамшылатып дәрі жіберді. Емхананың анықтамасын да директорға жөнелткенмін. Бірақ мектепке барсам, жұмыстан шығарғанын айтып отыр. Директор рұқсат берген жоқпын деп тұр. Рұқсат бермесе, неге жазбаша өтініш қалдырып кет деп айтады? – деді Әбенқызы.

Бұған дейін ақпарат құралдары Әбенқызының 25 мамырда Астанадағы АҚШ елшілігіне көмек сұрауға бармақ болғанын, бірақ жолда полиция кері қайтарғанын жазған еді. Әбенқызының өзі Азаттық тілшісіне АҚШ елшілігінен бөлек президент әкімшілігі мен бас прокуратураға хат тапсырмақ болғанын айтты. Ол мектептегі жұмыстан шығарылуын осы белсенділігімен байланыстырып, “маған қасақана істелген әрекет” деп бағалайды.

Бұл жағдай бойынша Азаттық тілшісіне Алматы облысының білім басқармасы жазбаша ақпарат берді. Мекеме Оралхан Әбенқызының жұмыстан шығарылуы бойынша арнайы комиссия тексеру жүргізіп, мектеп әкімшілігінің шешімі заңды болғанын анықтады деп хабарлады.

– Комиссия жұмысы барысында Оралхан Әбенқызының мамыр айында үш күн бойы жұмыстан дәлелді себепсіз қалғанын акті, жұмыс уақытын есепке алу табелі сынды құжаттамалар арқылы анықтады. Мектеп әкімшілігінің іс-әрекеті толықтай заң аясында жүзеге асырылған. Қызметкерге жеңілдетілген шара, яғни сөгіс немесе ескерту қолдану мүмкіндігі қаралды, бірақ қызметкер өз тарапынан тәртіп бұзу болғанын мойындамады және анықтамалар ұсынбады. Мектеп әкімшілігі заң шеңберінде еңбек шартын тоқтату шарасын қолдануға мәжбүр болды, – деп жауап берді білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Маралбаева.

Маралбаева мектеп қызметкерінің жұмыстан шығарылуының “саяси астары жоқ” дейді.

– Қазақстан Республикасында еңбек қатынастары саяси көзқарастарға, азаматтық белсенділікке немесе жеке отбасылық жағдайларға байланысты реттелмейді, – деп жазылған басқарманың Азаттыққа жолдаған хатында.

Оралхан Әбенқызы еңбек дауы бойынша халықаралық құқық қорғау ұйымдарына арызданатынын айтты.

Биыл 13 сәуірде Талдықорған соты "Атажұрт" ұйымының 19 белсендісін ұлтаралық алауыздықты қоздыру деген баппен қылмыстық жауапқа тартқан. Айыпталушылардың біразы бес жылға сотталып, кейбіріне бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Оның ішінде Тұрсынбек Қаби 5 жыл түрме жазасына кесілді. Барлығына үш жылға қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынды.

Белсенділердің сотқа тартылуына былтыр күзде Қытаймен шекара маңында Қытай туы мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңдағы "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды және Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен наразылық акциясы ілік болған.