Әскери бөлімде жарақат алған Ербаян Мұхтар көз жұмды

Ербаян Мұхтар

Қазақстан қарулы күштері қатарында міндетті борышын өтеп жүргенде жұмбақ жағдайда қатты жарақат алған Ербаян Мұхтар көз жұмды. Бұл жөнінде заңгер Инга Иманбай хабарлады.

“Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Бұл жазба қоштасу үшін ғана емес. Өйткені Ербаян осы екі жыл ішінде өзінің өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселелер ашық айтыла бастады. Бұрын үнсіз қалған ата-аналар сөйледі. Қоғам талап қоя бастады. Мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды. Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан Ербаянды біз тек ауыр тағдырдың иесі ретінде емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз. Қош бол, батыр Ербаян” деп жазды Инга Иманбай.

Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған. Бұған дейін оның Түркияда ем алғаны хабарланған еді. Ербаянның атынан аккаунт ашылып, жұрт оның еміне ақша жинаған.

2024 жылы маусымда бас әскери прокуратура "Әскери қызметкерлер арасындағы жарғылық қағидалардың бұзылуы" бабы (440-бап) бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Ұлттық гвардия өкілдері тергеудің барысын ішкі істер министрлігінің әскери тергеу департаментінің басшылығы бақылауда ұстап отырғанын айтқан.

Биыл маусымның ортасында ішкі істер министрлігі жергілікті БАҚ-қа Ербаян Мұхтардың әскери бөлімде жарақат алуына байланысты іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатқанын айтқан еді.

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиіледі. Әскердегі әлімжеттік, міндетті әскери қызметке алынған жас азаматтардың қауіпсіздігі – қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі.

Әскери бөлімше басшылығы сарбаз өлімін көбіне суицидпен, оның денсаулық жағдайымен я отбасындағы әлдебір жайтпен байланыстырады. Бірақ марқұм болған и мертіккен сарбаздардың туыстары оған келіспей, әділ тергеу жүргізуді, оқиғаның шынайы себебін анықтауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

Қаңтардың аяғында Қазақстанның қорғаныс министрлігі "әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінетінін" айтып, министр Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша, әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды деп хабарлаған еді.