Ресей Қазақстаннан АИ-92 бензинін алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр - Reuters

Мәскеу облысындағы бензин құятын бекеттердің бірі. 20 маусым 2026 жыл.

Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 бензинін алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы төрт дереккөзіне сілтеп Reuters агенттігі хабарлады.

Маусым айында Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылды үдетіп, Ресей аймақтарында жанар-жағармай тапшылығы болып жатыр. Reuters Ресейде бензин шығару 25 пайызға азайғанын да жазған. "Медуза" сайты Ресейдің кемі 20 аймағында бензин шектеліп сатылып жатқанын хабарлады.

Ресей энергетика министрлігі Қазақстанмен келіссөз жайлы ресми пікір білдірмеді. Ал Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұған дейін Мәскеуден ресми ұсыныс болмағанын айтқан.

Жанар-жағармайдың ірі экспортеры саналатын Ресей бензин мәселесін шешуге тырысып жатыр. Маусымда Мәскеу мұнай өңдеу зауыттарына ішкі нарыққа арналған бензин мен дизельдің сапасын төмендетіп шығаруға рұқсат еткен. Бұған қоса, Ресей бензинді теңіз жолымен импорттауды да жоспарлайды.

Reuters дереккөздері Қазақстан Ресеймен салыстырғанда бензинді аз шығаратындықтан көп бензин бере алмайды деген. Дереккөздердің сөзінше, Қазақстанда қазір бензин жеткілікті, бірақ Атырау мұнай өңдеу зауытында 26 маусым-20 шілде аралығында болатын жөндеу жұмыстары бензин қорын азайтуы мүмкін.

Агенттіктің Қазақстандағы дереккөзі Қазақстан Ресейге АИ-92 бензинін беріп, Ресейден авиациялық жағармай алуы мүмкін деген. Дереккөздің сөзінше, қазір Қазақстанда авиациялық бензин дефициті бар, бұған авиациялық жағармайға сұраныстың артуы, Атырау зауытындағы жөндеу жұмыстары және Ресейден импорттың төмендеуі себеп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Министрлік: Орынбор зауытына жасалған дрон шабуылы газ жеткізуге әсер еткен жоқ