ҚМДБ чайлдфри идеясын "шариғатқа қайшы" деп атады

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) саналы түрде балалы болудан бас тартуды білдіретін ұстанымға (чайлдфри) қатысты пәтуа шығарды. Пәтуа басқарманың сайтында жарияланды.

Онда “чайлдфри идеологиясы ислам шариғатына, адам табиғатына және неке мақсатына” және Пайғамбардың сүннетіне қайшы екені жазылған. Ал “оның негізгі мақсаттарының бірі – адамзат тегінің сақталуы мен ұрпақтың жалғасуы” деп жазылған пәтуада.

ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, чайлдфри көзқарасын ұстанатындар балаларды жек көрмейді. Алайда олар “көбіне бала тәрбиесіне жұмсалатын шығындардан қашуды, қосымша жауапкершілікті мойнына алмауды, жеке еркіндік пен кәсіби дамуды алдыңғы орынға қоюды, сондай-ақ «менің денем – менің құқығым» деген идеологияны негізгі себеп ретінде алға тартады”.

“Исламда балалы болу – ерлі-зайыптыларға ортақ құқық. Сондықтан олардың бірі бала сүюді қаласа, екінші тарап оған тыйым сала алмайды. Тек бала тәрбиесіне дайындалу немесе денсаулықты қалпына келтіру сынды орынды себептермен жүктілікті уақытша кейінге қалдыруға рұқсат етіледі” деп жазылған пәтуада.

Олардың айтуынша, чайлдфри бұған қоса, “отбасы институтын әлсіретіп, қоғам мен ұлттың болашағына кері әсерін тигізеді”.