АҚШ Жоғарғы соты Трамптың азаматтық беруді шектейтін жарлығын заңсыз деп таныды

АҚШ жоғарғы соты шетелдіктерден туған балаларға азаматтық беруді шектейтін жарлықтың заңдылығын қарау кезінде осындай акция өтті. Наразылар "АҚШ туғандар = азаматтар" деген жазу ұстап тұр. 2026 жылғы сәуір.

Сейсенбі, 30 маусым күні АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың азаматтық беруді шектейтін жарлығын конституцияға қайшы деп тапты.

Жоғарғы соттың консерватор төрағасы Джон Робертс бастаған судьялар 6-3 дауыспен Трамп жарлығын заңсыз деп таныды. Судья Робертс АҚШ президентінің бұл жарлығы конституциядағы 14-түзетуге қайшы келетінін, онда АҚШ-та туған және осы елдің заңнамасына бағынатын кез келген адам АҚШ азаматы саналатыны жазылған.

Осылайша Жоғарғы сот төменгі инстанциядағы соттың шешімін қуаттап отыр. Бұған дейін президент жарлығын федералдық соттар бұғаттаған.

АҚШ конституциясындағы 14-түзету 1868 жылы ратификацияланған. Аталған түзету 1861-1865 жылдардағы азаматтық соғыс аяқталып, құлдық жойылған соң енгізілді де, Жоғарғы соттың 1857 жылғы даулы шешімін жойды. Атышулы ол шешімде Африкадан шыққан қара нәсілді адамдар АҚШ азаматы бола алмайтыны айтылған.

Жақтаушылар мен даттаушылардың уәжі қандай?

Трамп жарлығын заңсыз деп тануды қолдаған 6 судьяның үшеуі либерал, үшеуі консерватор. Консерваторлар арасында сот төрағасы Джон Робертстен бөлек судьялар Эми Кони Баррет пен Бретт Кавано бар. Кейінгі екеуін Жоғарғы сот судьялығына Трамптың өзі ұсынған.

"Азаматтық – сол кезде де, қазір де құқық иеленуге деген құқық, яғни саяси қауымға еркін араласуға деген құқық" деп жазды судья Робертс 14-түзету авторлары АҚШ жерінде туған әрбір адамға азаматтық беруді уәде еткенін айтып.

"Сол уәдеде бүгін де тұрамыз" деп жазды Робертс.

Алайда судья Кавано Трамп жарлығы конституцияның 14-түзетуіне қайшы емес екенін, қайшылық азаматтық беру туралы федералдық заңдарға байланысты туғанын айтқан.

Жоғарғы соттың қарсы дауыс берген консерватор судьялары - Кларенс Томас, Сэмюэль Алито және Нил Горсуч.

Судьялар Кларенс Томас пен Нил Горсуч 91 беттен тұратын қарсылық уәжінде 14-түзету бұрын құл болған адамдар мен солардың ұрпақтарына бағытталғанын, оның негізгі мақсаты Жоғары соттың 1857 жылғы атышулы шешімін жою болғанын айтады.

"Қара нәсілді адамдар азаматтыққа қақылы еді, өйткені олар америкалық болатын" деп жазды судья Томас. "Олардың басқа отаны жоқ, олар ешқандай өзге елге ант бермеген және ешқандай өзге билікке бағынбаған".

Оның сөзінше, бұл түзетуді АҚШ-қа уақытша келген шетелдіктерге қолдану дұрыс емес. Ал судья Алито қазір АҚШ-қа азаматтық көздеп босану үшін ғана келетін "туристер" көбейгенін, мұның қисынсыз екенін айтады.

Президент Трамп былтыр 20 қаңтарда, екінші мерзімін бастай сала АҚШ-та туған балаларға автоматты түрде АҚШ азаматтығын беруді шектейтін жарлық шығарған. Осылайша Ақ үй мемлекеттік органдарға АҚШ азаматтығы жоқ немесе АҚШ-та тұрмайтын ата-анадан туған балаларға АҚШ азаматтығын бермеу туралы нұсқау берген. Яғни АҚШ оқу орындарында білім алатын шетелдік студенттер мен туристерден, ықтияр хаты жоқ ("грин карта") шетелдіктерден туған балаларға АҚШ азаматтығын бірден беруге шектеу қойған.

Осыдан кейін құқық қорғау ұйымдары бірден сотқа шағым түсірген. Сөйтіп бірқатар федералдық сот Трамп шешімін конституцияға қайшы деп тауып, іс Жоғарғы сотқа жеткен. Сәуірде өткен ауызша талқылауға Трамптың өзі келді. Осылайша ол Жоғарғы соттағы пікірталасқа қатысқан алғашқы президент атанды.

Трамп Жоғарғы сот шешімін сынап, қажет болса бұл шешімді Конгресс заңы арқылы еңсеретінін мәлімдеді.

"Жоғарғы сот туу негізінде берілетін азаматтықты қуаттады. Бұл – еліміз үшін нашар жағдай. Бірақ біз мұны президенттің қолдауымен Конгрессте заң арқылы өзгерте аламыз..." деп жазды ол Truth Social желісінде.

Жоғарғы сот туу негізінде берілетін азаматтықты осыған дейін де қолдаған. 1898 жылғы істе өзі Сан-Францискода туған, ал әке-шешесі Қытай азаматы болған Вонг Ким Арктің ісі қаралған. Сот түпкі шешімінде 14-түзету Вонг Ким Аркке азаматтық беруді қуаттайды деген.

Кешегі шешімнің алдында сарапшылар Трамп жарлығы АҚШ-та жыл сайын туатын 250 мың нәрестенің тағдырына әсер етеді бағалаған.

Консерваторлар басымдыққа ие Жоғарғы сот Трамптың иммиграция жөніндегі өзге бастамаларын қолдаған. Мәселен, кейбір мигранттарды гуманитарлық статусынан айыру, билік органдарына босқын мәртебесін сұрап келгендерді шекарадан кері қайтару құзыретін беруді заңға сай деп таныған.

Алайда Жоғары сот Трампты бастамаларына қарсы шешімдер де шығарған. Мәселен биыл ақпанда Трамптың баж салығы туралы жарлықтарын заңсыз деп таныды. Ал осы дүйсенбіде Трамптың Федералды резерв жүйесі Басқарушылар кеңесінің мүшесі Лиза Кукты кетіруіне тосқауыл қойды.