Иран Украинаны Каспийдегі кемесіне шабуылдағаны үшін айыптады

Иранның сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Украина 25 шілде таңертең Каспий теңізіндегі ирандық сауда кемесіне шабуылдап, соның салдарынан экипаждың бір мүшесі қаза болған, тағы бірі жараланған.

“Украина режимінің Каспий теңізінде ирандық сауда кемесіне шабуылдауы – мұны режимнің басшысы да тікелей мойындады – Украина режимінің Иран Ислам Республикасына қатысты жалғасып келе жатқан қисынсыз әрі дұшпандық көзқарасына дәлел” деп жазылған хабарламада.

Сенбі, 25 шілдеде Украина басшысы Владимир Зеленский Украина күштері Дондағы Ростовта жанармай қоймасына соққы жасағанын, сонымен бірге Каспий теңізінде Ираннан әскери жүк алып келе жатқан кемелер және әскери кемеге де соққы жасағанын хабарлаған.

“Каспий теңізінде ұзақ қашықтыққа жасалған соққылардан да өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, Ираннан әскери жүкті тасымалдаған кемелер мен әскери кемеге [соққы жасалды]” деді Зеленский.

The Wall Street Journal басылымы дереккөзге сүйене отырып, Chevron корпорациясы басшысының үндеуіне орай АҚШ әкімшілігі Украинаға Ресейге тиесілі емес танкерлерге шабуылдамау қажеттігін ескерткенін жазды.

Америкалық Chevron – "ҚазМунайГаз", ExxonMobil және Lukoil-мен бірге Қазақстанның батысындағы Теңіз кенішін игеріп жатыр. Бұл кеніштен өндірілетін мұнайдың бір бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы халықаралық нарыққа тасымалданады. Chevron-ның аталған консорциумда да 15 пайыздық үлесі бар. Жуырда Украина дрондары КҚК инфрақұрылымы мен мұнай тасымалдайтын кемелеріне шабуыл жасаған еді.