Дастан Сәтпаев "Челси" сапындағы алғашқы матчын өткізбек

Дастан Сәтпаев - Алматының "Қайрат" командасының академиясынан шыққан футболшы

Қазақстандық 17 жастағы футболшы Дастан Сәтпаев бүгін, 28 шілдеде Лондонның "Челси" сапындағы алғашқы ойынына шығады. Маусым алдында Австралияда жаттығу өткізіп жатқан "Челси" Сиднейдің "Вестерн Сидней Уондерерс" клубымен жолдастық матч өткізеді.

Бұл "Челсидің" жаңа бапкері испаниялық Хаби Алонсо үшін де алғашқы матч болмақ. Бұған дейін Испанияның "Реал Мадрид" клубын жаттықтырған Хаби Алонсо бұл клубпен Чемпиондар лигасы аясында Алматыға келіп, "Қайратқа" қарсы ойын өткізген еді.

Дастан Сәтпаев – Англия клубтарында ойнайтын алғашқы қазақстандық футболшы. 2025 жылы "Челси" Сәтпаевты "Қайраттан" 4,3 млн еуроға сатып алған еді. Бірақ футболшы кәмелет жасына толмағандықтан "Қайратта" ойнап, биыл маусым айында ғана "Челсиге" аттанды.

Бірнеше халықаралық футбол басылымдары Сәтпаевты болашағынан үлкен үміт күттіретін жас футболшылардың тізіміне қосқан еді. Қазір Transfermarkt порталы Сәтпаевтың трансферлік құнын 3,5 млн еуроға бағалаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Дастан Сәтпаев әлемдегі талантты жас футболшылар тізімінде