29 шілдеде Qazaqstan ұлттық арнасының тікелей эфирінде Құрылтай депутаттығына кандидаттар арасында алғашқы ұлттық теледебат ұйымдастырылды. Дебатқа ресми тіркелген жеті партия жетекшілері емес, орынбасарлары мен саяси кеңесінің мүшелері деңгейіндегі адамдар шықты. Спикерлер дебат кезінде сайлауалды бағдарламаларын таныстыруға тырысты. Пікірталаста біріне екі минут жетпей, кейбірі екі минутта не айтарын білмей жатты. Эфирде ұйымдастырылған "Қай спикер ұнады?" деген сауалнаманың нәтижесі шатасып, телеарна нәтижені екі рет көрсетті.
ЛУПА, 31 ЖАСТАҒЫ СПИКЕР, "ҰНАМАҒАН СПИКЕР" САУАЛНАМАСЫ
"Қазақстанның болашағы – адам капиталы" тақырыбында өткен дебаттың барысында әр спикерге екі-үш минут бөлініп, партияларының бағдарламаларын таныстыруға мүмкіндік берілді әрі бір-біріне сұрақ қойды. Бұған қоса, телеарна жүргізушісінің және көрермендердің де сұрақтарына жауап берді.
Пікірталас кезінде "Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаев "26 жыл терең тарихы бар партияларының атауын өзгертпегенін", "сайлауға құр уәдемен емес, есептелген, бәрі қарастырылған бағдарламамен келе жатқанын", "мемлекет қаладан емес ауылдан басталатынын" айтты. Ол партиясының бағдарламасы ауыл өмірін жақсартуға, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталғанын сөз етті (Мақалада спикерлердің сөздері олардың дебаттағы сөйлеу ретіне байланысты берілді).
"Байтақ" партиясы кеңесінің мүшесі Нұргүл Қадырбаева "Құрылтайға жасылдар партиясынан босқа кандидат болып келмегенін, 11 баланың анасы екенін", "Сыр өңірінде туып өскендіктен Арал теңізінің қасіретін жақсы білетінін" айтты. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев "экология мәселесін жиі көтеріп жүргеніне" тоқталуға тырысты. Бірақ партияларының бағдарламасына нақты тоқталмай "біздің партия тазалық пен көше сыпырумен шектеліп қана қоймайды. Жан, ар, жүрек тазалығы, намыс сияқты мәселелерді қолға алады" деді.
Қадырбаева дебат барысында ойын жинақтай алмай, шатасып, телеарна тарапынан қойған сұрақтарға жауап бере алмай сасқалақтап қалды. "Адам капиталын дамыту үшін не істеуге болады?" деген мазмұндағы сауалға жауап бере алмай берілгені екі минуты "күйіп кетті".
"Әділет" партиясы саяси кеңесінің мүшесі Ренат Бектұров "партияларының ұстанымы – білім, денсаулық, әділеттілік, отансүйгіштік, жауапкершілік деген құндылықтар" екенін айтып, "мақсатымыз – халықтың орта жасын 77 жасқа көтеру" деді. Бұған қоса, "ол алдағы бес жылдың ішінде 300 мың орынға арналған мектеп, 79 мың орын балабақша ашамыз" деген уәде айтты.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай дебат бойы қазіргі биліктің әрекеттерін сынауға тырысты. Сөзінің басын "көзілдірікті шешейікші, статистиканы емес өмірді саралайықшы" деп бастаған ол "елде жаппай қымбатшылық болып жатқанын, отбасылардың көбі табысының 52 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын, өмір сүру үшін күресіп жүргенін" айтты.
Ол "Еңбек кодесінде жұмысшының құқығы олигарх пен ірі буржуазияның құқығынан төмен тұр. Сондықтан әділеттілікті орнату керек" деді. Сәмбетбай "бағдарламаларында осы келеңсіздіктер мен қасіреттерді шешудің нақты алгоритмі көрсетілген", "елдің әрбір тиынын, мүддесін үлкен көзәйнекпен жіті қадағалаймыз" деп, қолындағы үлкен лупаны көрсетті.
"Ақ жол" партиясы саяси кеңесінің мүшесі Олжас Нұралдинов "Құрылтайға өтсек адами капиталды дамыту үшін Қазақстанның жер қойнауын пайдаланып жатқан шетелдік компаниялардың келісім-шарттарын қайта қарап, ұлттық мүддеге сай етеміз, одан түскен ақшаны халықтың әл-ауқатын жақсартып, отандық өндірісті қолдауға жұмсаймыз", "шағын және орта бизнесті дамытамыз және ол үшін түсінікті салық жүйесі керек, білім мен медицина мемлекеттік және жеке деп бөлінбеуі керек, халық қай ауруханаға барып емделетінін өзі шешуі тиіс" деді.
Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат материалдары. Астана, 25 шілде 2026 жыл.
Ал Respublica партиясы орталық кеңесінің мүшесі Екатерина Смолякова "біз үшін экономика жай цифр немесе статистика емес, экономика – адамның қадір-қасиеті. Әрбір еңбек еткен азамат лайықты өмір сүруі тиіс. Кәсіпкер кәсібін, елін дамытуға мүмкіндік алуы керек. Жастардың болашағы таныс-тамырымен емес, білімімен, талантымен айқындалуы тиіс. Біз мұны үш жылда парламентте дәлелдей алдық. Алты депутатымыз алпыс депутатқа татитын жұмыс істеуге ұмтылды. Мәжілісте 300-ден астам заңдарға бастамашы болдық" деді.
"Қазақстан халық партиясының" (коммунистер) жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар "27 жасында мәжіліс депутаты болғанын", "қазір 31 жаста екенін" айтып, "жастарға мүмкіндік ашсақ, тұтас Қазақстанның болашағын айқындаймыз" деді.
Ол "Елімізде кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан 1 млн аса адам бар. Кедейлікті жеңу керек. 500 мыңнан аса такси жүргізушілері мен курьерлер бар, түлектердің 40 пайыздан астамы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Жастар күрделі жобаларды жүзеге асыру арқылы өз әлеуетін ашқысы келеді. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасап, әйелдерге саясатта дербес квота беруіміз керек. Зейнеткерлерге күнкөріс үшін жұмыс істетпеуіміз керек. Партиямыздың негізгі ұстанымы – бай мемлекетте кедей адам өмір сүрмеуі керек" деп қорытындылады таныстыруын.
Телеарна спикерлерден тек сайлау бағдарламасына қатысты сұрақ қоюды сұрады. Дебатта "Amanat" партиясының "Әділетке" қосылып кеткеніне қатысты, сыртқы жағдайға, адам құқығына қатысты сауалдар қойылмады.
"Ауыл" партиясының өкілі "Қазақстан халық партиясының" бағдарламасын жасанды интеллект арқылы тексергенін айтып, оны "орындалмайтын бос уәделер жиынтығы" деп айыптады. Ал ЖСДП "Ақ жол" өкілінің галстугын "ғалымның бір айлық жалақысынан қымбат" деп тиісіп өтті.
Тікелей эфирдегі дебат кезінде "Қай спикер ұнады?" деген сауалнама қорытындысында "барлығы ұнамады" деп жауап бергендер саны әуелгіде 56% деп көрсетілген еді. Бірақ ол алып тасталды да, сәлден кейін "ұнамады" дегендер үлесі 0,4% деп экранға шығарды.
Теледебат кезінде "Қай спикер ұнады?" деген сауалнама бойынша шыққан алғашқы қорытынды. Кейін телеарна мұны алып, екінші қорытындыны жариялады. Онда "ешқайсы ұнамайды" деп дауыс бергендер 0,4 пайыз.
"СТУДЕНТТЕР ПІКІРТАЛАСЫНА ҰҚСАС ДЕБАТ"
Теледебатты "студенттердің пікірталасына" балап, сынға алғандар да, оң баға бергендер де бар. Саяси белсенді Аида Әлжанова кандидаттар үкімет жұмысындағы кемшілікті айтудан бұрын бір-бірін әзілмен шенеп, популизмге бой алдырды деп санайды
"Халықаралық деңгейде сайлауды байқау саласындағы тәжірибеме сүйене отырып айтсам, кеше өткен дебат саяси қарсыластардың тартысынан гөрі студенттердің пікірталасына көбірек ұқсады. Не олар арзан саяси технологтар жалдаған, не болмаса бәрі алдын ала шешіліп қойғандықтан ешкімнің мотивациясы жоқ. Меніңше, кандидаттар парламент, яғни, Құрылтай деген ештеңені жаңадан жасап шығармайтынын ұмытып кеткен сияқты. Құрылтайдың басты функциясы — сайлаушылардың тұрмысын жақсартуға септесетін заңдар мен нормаларды бекіту. Бұл үшін үкіметтің жұмысын бақылауда ұстап, жаңа бордюрлерді тозбай жатып ауыстырып, текке ақша шашып жатқан жоқ па деген сияқты сұрақтарға бас қатыруы керек" деді ол.
Саясаттанушы Асхат Қасенғали дебатты "саяси науқанның алғашқы сынағы" деп бағалайды.
"Теледебатқа жеті партия өкілдерін жіберіп, бағдарламаларын таныстырды. Артқы фонда қолдаушылары әскербасыға ерген сарбаздардай қиқулап отырды. Бұл да керек. Дебат деген тек пікірсайыс емес, саяси шоу да. Күллі әлемде солай. Бірінші турда қатысушылар тең сияқты көрінді. Өйткені бәрі дайындап келген сөзін айтты. Бірақ ары қарай қатысушылардың деңгейі анықтала түсті. Бұл саяси науқанның алғашқы үлкен сынағы болды деуге болады. Мұндай алаңда құрғақ сөз бен әдемі ұраннан бұрын ойдың жүйелілігі мен ұстанымның тұрақтылығы маңызды. Сондай-ақ тосыннан қойылған сұрақтар кезінде кімнің нақты бағдарламасы мен шешімі бар екені, ал кімнің тек жаттанды тезистермен келгені бірден байқалады" дейді ол.
Ал әлеуметтанушы Серік Бейсембаев жүйеде шынайы реформа жоқ, саяси элита өзгерістерден қорқып, осындай көріністермен ескіше басқаруды сақтап қалғысы келеді деген пікір білдірді.
"Бұл [теледебат] пікір алуандығына шектеу күшейген тұста өтті. Қазір "қызыл сызық" қай тұста екенін ешкім түсіне алмай дал, өйткені кез келген сын қудалауға ұшыратуы мүмкін. Бұл сырт көзге биліктің үстемдігін паш ететіндей көрінгенімен, іс жүзінде уақытты тоқтатуға жанталас, өздері үйренген сұрқай да басқаруға оңай жүйені қалай да сақтап қалуға деген дәрменсіздік қана" деді әлеуметтанушы.
Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар келесі аптада "Жетінші арна" эфирінде пікірсайыс өткізбек. 5 тамыз күні өтетін дебат білім тақырыбына арналады. 23 шілдеде басталған сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 22 тамызда аяқталады. Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген. Кейбір сарапшы бұл саяси науқанды да шынайы бәсекесіз жағдайда өткізіледі деп сынап, оған билікті сынап, балама пікір айтатын топтардың партия құра алмайтынын алға тартады.
Биылғы сайлауға үкімет резервінен 34,3 млрд теңге жұмсалмақ.
Биыл көктемде бүкілхалықтық референдумнің ресми қорытындысы бойынша қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, бірпалаталы парламент – Құрылтайдың 145 депутатын сайлау 23 тамызға белгіленген.
Бұл сайлауға дейін елдегі оппозициялық топтар партия болып тіркеле алмады. Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан", "Атажұрт", "Намыс", "Ел тірегі" сынды ұйымдардың құжаттары "талапқа сай емес" деп тіркемеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Интригасы жоқ науқан. Конституциясы жаңарған Қазақстан Құрылтай сайлауына қалай келді? Құрылтайға "Әділет" партиясынан ұсынылған тізімде Тоқаевтың жиені де, ескі Amanat мүшелері де бар"Жеті партияның бір-бірінен айырмашылығы жоқ". Жаңа Конституция мен Құрылтай сайлауы жайлы сұхбатБұл