Қазақстан мүше УЕФА әлем кубогына бойкот жариялауы мүмкін. Футболдағы шуды 300 сөзбен түсіндіреміз

Еуропа футбол қауымдастығына (УЕФА) мүше 55 ел (оның ішінде Қазақстан да бар) 2030 жылы өтетін әлем кубогына бойкот жариялауы мүмкін. Бұған Халықаралық футбол қауымдастығының (ФИФА) президенті Джанни Инфантиноның әлем кубогы сияқты ірі турнирлердің үлесін жеке инвесторларға сату бастамасы түрткі болды.

Яғни, Инфантино басқаратын ФИФА әлем кубогын өткізу үшін өз ішінде капиталы 20 миллиард доллар болатын еншілес FIFA Forward Enterprise компаниясын құрмақ. Дәл осы еншілес компанияның 20 пайыз үлесі сыртқы инвесторларға берілмек. Ал жеке инвесторлар тобын америкалық бизнесмен Джошуа Кушнердің Thrive Capital компаниясы басқаруы мүмкін. Джошуа Кушнер – АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнердің ағасы.

ФИФА-ның бұл бастамасы қарсылыққа ұшырай бастаған тұста Инфантино идеяны қолдаған елдерге 40 миллион доллардан береміз деп әр елге хат жолдаған. Бірақ 30 шілдеде УЕФА-дағы 55 ел (бұл ұйымға Қазақстан да мүше) жиын өткізіп, ФИФА-ның бұл жоспары іске асса 2030 жылғы әлем кубогына қатыспаймыз деп мәлімдеді. УЕФА әлем кубогы сияқты ірі турнирге жеке инвесторлардың кіргенін қаламайды.

ФИФА президенті Джанни Инфантино.

Артынша Солтүстік Америка және Орталық Америка елдері кіретін КОНКАКАФ ұйымындағы 41 ел де ФИФА бастамасына қарсы шықты.

31 шілдеде Азия футбол қауымдастығы да ФИФА бастамасын қолдамайтынын мәлімдеді. Бірақ КОНКАКАФ пен Азия футбол қауымдастығы әлем кубогына бойкот жариялайтынын айтқан жоқ.

ФИФА бүгін, 31 шілдеде мәлімдеме жасап, "футболды саудалап жатқан жоқпыз" деді әрі бастаманы 211 елдің басым бөлігі қолдамаса жүзеге аспайды деп мәлімдеді. Яғни, ФИФА идеясын кемі 106 ел қолдау керек, бірақ Еуропа, Азия, Америкадағы 140-тан аса ел қазірдің өзінде қарсылық білдірді.

Бұған қоса, 31 шілдеде Инфантиноның бас кеңесшісі Карлос Кордейро идеяға қарсылық білдіріп, өз еркімен қызметінен кетті. Ол "бұл – ФИФА мүшелері үшін, футбол үшін, футболдың болашағы үшін жаман келісім" деді.

Ал 2030 жылғы әлем кубогындағы көп ойындары Еуропа елдері Испания, Португалия және Африкадағы Мароккода өтуі тиіс. ФИФА 2030 жылғы әлем біріншілігіне 64 елді қатыстыруды талқыламақ.

Your browser doesn’t support HTML5

ФИФА әлем кубогына жеке инвесторларды тартпақ. Бұған 100-ден аса ел қарсы