Мәскеудегі ресторанда жарылыс болды. Ол жерде генералдың туған күні тойланғаны айтылады

The site of an explosion at a restaurant in Moscow

Мәскеудегі Кудрин алаңындағы ресторанда болған жарылыстан үш адам қаза тауып, кемінде 15 адам жарақат алды. Бұл туралы Ресей ІІМ хабарлады. Бірнеше сағаттан кейін Ресейдің Ұлттық терроризмге қарсы комитеті бір әйел ресторанға алып кірмек болған жарылғыш құрылғы іске қосылғанын мәлімдеді. Әйелдің өзі, оны ішке кіргізбеген күзетші және ресторанның бір қонағы қаза тапқан. Жалпы 21 адам жарақат алған.

"ВЧК-ОГПУ" Telegram-арнасының мәліметінше, "жанкештінің көздегені" арнайы маяк шамдары бар көлікпен келген адам болған. Арнаның жазуынша, жабық банкетке Мемлекеттік дума депутаты Зелимхан Муцоев та қатысқан, бірақ ол жапа шекпеген.

Күштік құрылымдарға жақын Mash және Shot Telegram-арналары соның алдында ғана оқиға "Баррикадная" метро станциясының түбіндегі "Авиаторлар үйі" көпқабатты үйінің бірінші қабатында орналасқан Balzi Rossi ресторанында болғанын жазған. Арналардың мәліметінше, Balzi Rossi – билік элитасы жиі баратын қымбат ресторан. Куәгерлердің бірі RusNews басылымына ғимарат ішінде "нағыз қырғын болғанын" айтқан.

Balzi Rossi сайтында 1 тамыз күні ресторан жабық болатыны, онда банкет өтетіні айтылған. Shot арнасының мәліметінше, онда "50 адамға арналған үйлену тойы" болған. "112" Telegram-арнасы үйлену тойы туралы нұсқаны қуаттаған.

Алайда Astra арнасы бір куәгерге сілтеп, ресторанда бір генералдың туған күні тойланғанын хабарлады. Сондай-ақ көпқабатты ғимараттың жанында Росгвардия автобусы тұрғаны және әскери қызметкерлер мен күштік құрылымдар пайдаланатын қара нөмірлі көптеген көлік қойылғаны айтылды.

Кейінірек "Коммерсант" басылымының дереккөздері жарылысқа қатысты қосымша мәліметтерді жариялады. Олардың айтуынша, кіреберісте күзетші әйелден ішке алып кірмек болған қораптың ішін көрсетуді талап еткен. Әйел оның сыйлық екенін айтқан. Дәл сол сәтте жарылыс болған.

Басылым сөйлескен адамдардың сөзінше, жарылғыш құрылғы қашықтан іске қосылған болуы мүмкін, ал әйел-курьер сәлемдеменің ішінде не барын білмеген деп есептейді. Жарылыстың қуаты шамамен бір келі тротилге тең болған. Бомба металл шариктермен толтырылғандықтан, ресторанның жазғы алаңындағы қонақтар зардап шеккен.