Қазақстанда рақымшылықпен 1,5 мың адам қамаудан босап шықты

Қазақстанда он мыңнан аса іс рақымшылық жасау бойынша сотқа жіберіліп, қазірдің өзінде 1300-ден аса сотталушы босатылған. Бұл туралы 6 тамызда ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Нияз Рыспаев хабарлады.

Министр орынбасарының сөзінше, 620 адам қамау орындарынан босатылған. Олар алдағы уақытта органдардың бақылауында болады. Бұған қоса, пробацияда болған 724 адам жазасын өтеуден босатылса, 730 сотталушының жазасы қысқарған.

Бұған дейін билік 15 мың адамға рақымшылық жасалатынын айтылған. 4,5 мың адам қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босатылуы ықтимал. Одан бөлек, 10,8 мыңының жазасы қысқартылады.

Рақымшылыққа ілінгендер арасында жеңіл немесе орташа ауыр қылмыс жасағандар немесе келтірген шығын көлемін толық өтеген ауыр немесе өте ауыр қылмыс жасағандар кіреді. Кейбірі қамаудан толық босатылады, кейбірінің жазасы қысқартылады.

Терроризм, экстремизм, жемқорлық, ұйымдасқан қылмыстық топ, азаптау, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық жасау бойынша сотталғандар, өмір бойы сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді.

Қазақстанның тәуелсіз тарихында 12 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық былтыр Конституцияның 30-жылдығына орай жарияланып, шамамен 15 мың адам ілінді. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.