"Басқалар ішпес үшін төгейік". Қырғызстандағы арақ төгу челленджі: Ақша шашу ма әлде жамандықпен күрес пе?

Қырғызстандағы алкогольге қарсы челлендж.

Қырғызстанда араққа қарсы челлендж жүріп жатыр. Қатысушылар дүкеннен алкоголь сатып алып, ашып, сол жерде шелекке төгеді. Олар осылайша "зұлымдықпен күресіп жатырмыз" дейді. Жастардың сыра, арақ, шарап, вискилерді литрлеп төккені желіде пікірталас туғызды. Бірі босқа ақша шашу, арақ ішуге еш әсер етпейді десе, енді біреулері арақ көп жамандықтың себебі деп қолдап жатыр.

НЕГЕ САТАСЫЗ? ОДАН ДА ТӨГІП ТАСТАЙЫҚ!

Челлендж Бішкектегі шағын азық-түлік дүкенін сүріп тастаған сәттен басталды. Дүкен иесі Керим Жунушов желі арқылы жұрттан қалған тауарларды сатып алуды сұраған. Керимнің өтінішінен соң басқа дүкеннің сатушылары келіп, балмұздақтарды, тәттілерді және консервілерді сатып алады. Артынша арақтарды да сатып алатындар табылған.

"Көп адам "арақтарды төгіп, өзің құтылмайсың ба?" деп жазды. Мен "несиемді қалай жабамын, тауарларды несиеге алдым ғой" деп жауап бердім. Кейін біреуі алкогольді утилизациялау үшін сатуды ұсынды. Бірден келістім" дейді Керим.

Керим Жунушов.

Кәсіпкердің сөзінше, бұл бастама кейін челленджге айналып кеткен. Керим жұрт дүкенінен арақты алып сол жерде шелекке төгіп жатқан сәтінен желіге видео жариялайды.

"Достар, алты мың сомға (69$) алкоголь сатып алдық. Арақтарды төгу үшін челленджді жалғастырамыз. Бірақ мына жерде әлі де арақтар бар, сондықтан келіп, сатып алып, төксеңіздер болады" дейді видеодағы адамдардың бірі.

Бұл челленджге ерлер ғана емес әйелдер де қатысып жатыр. Мәселен бір видеода хиджабтағы қыз он мың сомға (114$) арақ алып, Керимнің өзінен арақтарды төгіп тастауды сұрайды.

"Арақтарды төгу үшін он мың сом аудардық. Мына арақтың бәрі ешқайда сатылмайды. Бағасына сай ақшасы берілді. Сондықтан қазір Керим мырза барлығын осында төгеді. Себебі осы арақты алған әрбір отбасыда ұрыс-керіс болып, түрлі жамандық пен бақытсыздық болуы мүмкін. Сондықтан, Керим мырза, жамандықтың себепкері болмаңыз" дейді әйел видеода.

Челлендж қатысушылар арақ алып жатыр.

Осы сәттен бастап Керимнің дүкенінде арақ тек төгіп тастау үшін сатыла бастаған. Сатушы бұл акцияны күтпеген.

"Челленджге қатысқандардың көбі аты-жөнін жариялаудан бас тартты. Яғни, Instagram-ға шығармаңыз деді. Олар ақшаны аударды, ал мен арақты төгіп тастадым. Ал видеода 6 мың сомға арақ алғанда жүз литрлік екі шелек шықты. Яғни, біз 200 литрдей арақты төгіп тастадық. Арзан арақтар да, шампаньдар да, қымбат вискилер де кетті" дейді Керим.

"ӘР ТӨГІЛГЕН БӨТЕЛКЕ ЖАМАНДЫҚҚА СЕБЕПКЕР БОЛМАЙДЫ"

Күтпеген қолдаудан соң Керим Жунушов бизнеске деген көзқарасы өзгерген. Ол енді дүкен ашсам арақ-шарап сатпайтын шығармын дейді:

"Алкоголь, әрине, жақсы табыс көзі, бірақ діни тұрғыдан қарасақ, бұл жай ғана сан ғой. Арақтың қоғамға зияны әлдеқайда көп".

Арақтарды төккен видеолар желіде кең тарап, пікірталасқа түрткі болды. Бастаманы қолдаушылар арақ отбасылық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, қылмыс пен жол апаттарының себебі дейді. Ал сыншылар мұндай шаралар нарықтағы жағдайды өзгертпейді деп санайды. Олардың сөзінше, арақ шығарушылар мен сатушылар сатылған тауардан пайда көреді, мұндай шаралар экономикалық тұрғыда ештеңе өзгертпейді деп есептейді.

Қырғызстандағы челленджге қатысып жатқан тұрғын.

Челленджге қатысқандардың бірі – жас кәсіпкер Айбек Кадырбеков. Видеода ол басқалардан қолдау сұрайды. Айбек мұндай шаралар арқылы арақ өндірісін тоқтату қиын дейді, бірақ әрбір төгілген бөтелке өкініштер мен жамандықтарға себепкер бола алмайды деп сенеді.

"Ыстықкөлденмін. Шор-Булак деген ауылымызда арақ сатуға тыйым салды. Адамдар ішуді де қойды. Арақ болмаса, адам ішпейді. Меніңше, бұл бүкіл Қырғызстанға тарауы керек. Егер айналаңда арақ сатылса, адам дұрыс жолдан таяды. Егер дүкендер арақ сатуды қойса, зауыттар әкелуді доғарады" дейді ол.

АРАҚ-ШАРАПТЫ АУЫР ТЕХНИКАМЕН ТАПТАҒАНДА...

Мұндай шара Қырғызстанда бұрын да болған. 2017 жылы елдегі кейбір ауылдар арақ сатуды қойған. Тұрғындар дүкендердегі спирттік өнімдерді сатып алып, далаға апарып, ауыр техникамен жойған. Бұл "игі іске" ауыл тұрғындары "шамалары келгенше ақша берген" еді. Ал дүкен иелері "енді арақ сатпаймыз" деп уәде еткен.

"Адамдар ақша аударды, бірі - жүз сомнан, бірі екі жүз сомнан берді. Кейбір тіпті мал беріп, арақты жою үшін сатып алды" деген еді Нарын облысы Эмгекчил ауылының белсендісі Жаныбек Сопуев сол кезде журналистерге.

Оның ауылы осы қарсылық шарасына қосылған. Сопуевтің сөзінше, қазір де Эсгекчилде арақ сатуға тыйым бар.

"Сол кезде жергілікті билік бізге қарсы шыққан. Олар тыйым сала алмайсыздар деген. Арақты босқа жойғанша түскен пайданы қайырымдылыққа берейік дегендер де болды. Бір жылдан соң жергілікті билік бізді шақырып алып, тыйымды алып тастауға тырысты. Біздің түсінуімізше, олар өздері ішкісі келген сияқты. Қазір ауылымызда арақ-шарап сатылмайды. Бірақ бір дүкен жасырын сататын сияқты. Дегенмен ауылымыз қазір тынышталып қалды. Мас адамдар, шу мен ұрыс-керіс жоқ" дейді ол.

АРАҚ ІШЕТІНДЕР АЗАЙДЫ МА?

Қазір Қырғызстанда челлендж төңірегіндегі дау әлі жалғасып жатыр. Кейбір топ мұны азаматтық бастаманың үлгісі десе, енді бірі мағынасыз хайп дейді. Журналист әрі медиаэксперт Миржан Балыбаев "алкогольды төгу – күрес әдісі емес" деп санайды.

"Арақ ішуді мұндай әдіспен азайтамыз деу даулы. Бастысы адамның ниетінде. Егер адам арақ ішпеймін десе дүкенде арақ толып тұрса да ешқашан ішпейді. Яғни, бұл – таза адами фактор, мұндай әрекеттер Совет одағы кезінде де болған. Горбачевтің "құрғақ заңын" білеміз. Яғни, одақ кезінде арақ шығару қысқарғанымен алкоголизм азаймады. Адамдар ішудің жолын тапты" дейді ол.

Қырғызстанда челленджге қатысушылар арақ төгіп жатыр.

Дегенмен Балыбаев бұл акция қоғамдағы көзқарастың өзгергенін көрсетеді деп есептейді. Оның ойынша, қазір Қырғызстанда жұрт 1990 жылдармен салыстырғанда аз ішеді. Журналист бұған елде дінге бет бұрған жастардың көбеюі себеп деп санайды.

"Қырғызстанда арақ ішу азайып келеді. Мұны арақ шығаратындардың өзінен естідім. Біріншіден, діни себеп. Әр жыл сайын, намаз оқитындар, әсіресе жастар арасында дінге бет бұрғандар көп. Той, отбасылық мерейтойлар, тіпті ресми жиындар арақсыз өтеді. Сондықтан арақты жария түрде төгу сияқты акциялар – жұртты жақсы әрекетке шақыру. Мұндай шараларсыз да қазір арақ ішетіндер қатты азайды және азайып жатыр" дейді Балыбаев.

ЭКОНОМИКА VS ИДЕОЛОГИЯ: "СҰРАНЫС БАР ДА, ҰСЫНЫС ТА БОЛАДЫ"

Экономист Қайрат Итибаевтың сөзінше, 1990 жылдан кейін дүниеге келген буын қазір салауатты өмір салтын ұстануға тырысады, темекі шекпей, арақ ішпейді. Бұған дін де себеп. Бірақ нарық заңына сай, "сұраныс бар да, ұсыныс та болады"

Қайрат Итибаев.

"Зумерлер арақсыз, темекісіз салауатты өмір салтын қолдайды. Бұл - қазіргі тренд. Ал арақты төгуді хайп дер едім. Экономист ретінде айтарым, сатушыға не сатса да бәрібір. Олар нарықта сатылатын дүниелерді сатады. Екіншіден, сатушы "жақсы, арақ сатпаймын" дер, бірақ оның орнына не сатады? Діни тауарлар ма? Әрине, діни тауарлар өтсе, сатуына болады. Бұл көбіне әлеуметтік қозғалысқа ұқсайды. Осы арқылы арақ сатуға болмайды, бұл жаман деп көрсеткісі келер. Бірақ алкоголь ішетін адамдар да бар, себебі біз еркін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әр адамның таңдау құқығы өзінде" дейді экономист.

Қырғызстан – зайырлы ел, яғни, алкоголь шығарып, сатуға болады. Азаттық Азия редакциясы елдегі ірі сыра компанияларынан алкогольге қарсы челлендж жайды пікір алуға тырысты. Бірақ олар жауап беруден бас тартты.

Ал бақылаушылар алкогольды төгу үшін алуды немесе ішуді, тіпті мүлде сатып алмауды әр адам өзі шешуі керек деп санайды.