Ресей жоғарғы соты "Яблоко" партиясын сайлаудан шеттетті

"Яблоко" өкілдері жоғарғы сотта. 10 тамыз 2026 жыл. (отырыс эфирінен скриншот)

Ресей жоғарғы соты "Яблоко" партиясын алдағы Мемлекеттік дума сайлауынан шеттету туралы шағымды қанағаттандырды. Шағымды "Родина" партиясы түсірген. Прокурор мен орталық сайлау комиссиясы сотта ол шағымды қолдаған. "Яблоко" төрағасы Николай Рыбаков қорытынды сөзінде шағымды кері қайтаруды сұраған.

– "Яблоко" көпшілік мүддесін қорғайтын партия ретінде құрылған. Біз Ресей азаматтарының басым бөлігінің құқығын қорғауды жалғастырып жатырмыз. Өйткені адам өмірін аман алып қалу – Ресей азаматтарының басым бөлігінің мүддесі, – деді Рыбаков партиясының Украинадағы соғысты тоқтатуға және ядролық соғысқа жол бермеуге үндейтінін еске салып.

Шағымды "Родина" партиясы 7 тамызда түсірген. Талапкер "Яблоко" партиясын әлеуметтік желідегі үгіт-насихатты сайлау қорынан төлемей іске асырды, авторлық құқықты бұзды деп айыптады. Сондай-ақ экстремизм туралы да айып тағылды.

Бұған дейін бірнеше өзге партия да "Яблоконы" Украинадағы соғысты тоқтатуға үндегені үшін "отанын сүймейтіндер" деп айыптап, оларды сайлаудан шеттетуді талап еткен.

10 тамыз күні Жоғарғы сот ғимараты алдында "Яблоко" партиясының жүздеген жақтасы жиналды. Полиция олардың құжатын тексеріп, жеке деректерін жазып алған. Партия соғысқа қарсы шыққаны үшін интернетте және жастар арасында танымал бола түсті. "Яблоко" сайлауға "Бейбітшілік және еркіндік" ұранымен бармақ болған.

Партия Украинадағы соғысты аяқтауға және Ресейдегі саяси репрессияны тоқтатуға үндейді. Николай Рыбаков Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының 2 шілдедегі сауалнамасына сүйеніп, "Яблоко" партиясына сайлаушылардың 18 пайызы (шамамен 20,5 млн адам) дауыс беруге дайын екенін айтты.

Кейінгі күндері шетелде тұратын және Ресейде "шетел агенті" немесе экстремист деп танылған оппозициялық саясаткерлер "Яблоконы" қолдауға шақырған. "Яблоко" партиясы бұл үгіттеуге қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Мемлекеттік дума сайлауы 18-20 қыркүйек күндері өтеді. Ресей орталық сайлау комиссиясы әзірге 11 партияны тіркеген.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресей соты соғысқа қарсы "Яблоко" партиясын сайлаудан шектеді