Дүйсенбі күні Колумбияның батысында жер сілкініп, магнитудасы 7,4-ке жеткен. Әзірге 164 адамның қазасы расталып отыр. Апат эпицентрі – Колумбиядағы Сан-Хосе-дель-Пальмар деген елді мекен. Ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, құтқару операциясы жүріп жатыр.
Табиғи апат салдарынан Перейра және Кали қалаларында көпқабатты үйлер қираған. Ал Манизалес қаласында тарихи шіркеудің қабырғасы жарылған.
Құтқарушылар полицейлер мен еріктілер көмегімен қиранды астында тірі қалған адамдарды іздеп жатыр. Халқының саны 2,2 млн адамнан асатын Кали қаласында кемі 85 адам мерт болған. Қалада оннан астам үй қираған не қирау алдында тұр.
Перейра қаласының билігі таратқан ақпаратқа қарағанда, онда 66 адамның опат болғаны расталған. Ал эпицентрге жақын Чоко ауданында 13 адам қаза тапқан.
Елдің батысында эпицентрге жақын өңірлер қаттырақ жапа шеккен. Жүздеген ғимарат зақымданып, қиранды астында қалғандар көп. Бұл – елдегі 1999 жылдан бергі ең ірі жер сілкінісі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Колумбия президентіне көңіл айту хатын жолдады.