Астана полициясы журналист Лұқпан Ахмедияровқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растады

Лұқпан Ахмедияров.

Астана қаласының полиция департаменті журналист Лұқпан Ахмедияровқа қылмыстық кодекстің 274-бабымен ("Көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату") іс қозғалғанын растады.

– Сіздің сұрауыңызда көрсетілген тұлғаға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, – деп жауап берді Азаттық сауалына департамент басшысының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.

Полиция журналистің іс аясындағы мәртебесі туралы ештеңе айтпады.

3 тамызда журналист, "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияровты Қазақстаннның Шекара қызметі елден шығармай қойған. Ол Астана әуежайынан Черногорияға отбасымен бірге ұшпақ болған жерінен кері қайтуға мәжбүр болды.

Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, әуежайда Шекара қызметінің өкілі оған "сіздің елден шығуыңызға Астана полициясы тыйым салған, не себепті екенін білмеймін" деген.

Журналист бұл оқиғаға дейін, яғни, 31 шілдеде тергеушінің шақыртуымен полиция басқармасына барып, түсініктеме берген. Оның сөзінше, Андрей Котов деген Өскемен тұрғыны оның үстінен арыз түсірген.

Соның қарсаңында әлеуметтік желіде өзін Андрей Котовпын деп таныстырған өскемендік «заңда көрсетілген құқықтарым бұзылып жатыр» деп Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің атына үндеу жолдаған.

Котов журналистің Украинадағы "Хочу жить" жобасының Ресей әскерінің қатарында жалдамалы ретінде соғысып жатқан қазақстандықтар тізімін бөліскеніне шүйліккен. Сөзінше, тізімде оның да есімі бар. Бірақ Украинада соғыспағанын, Ресейде вахтада жұмыс істегенін айтады.

"Осы оқиғадан кейін отбасыммен, достарыммен, әріптестеріммен және көршілеріммен қарым-қатынасым нашарлады" дейді ол. Котов видеомәлімдемеде журналисті жауапқа тартуды сұраған. Кейін желіде Руслан Мухаметов деген адам да осындай сипаттағы мәлімдеме жасады.

Лұқпан Ахмедияров Украинаның мемлекеттік жобасы жариялаған тізімді бөлісіп, билік назарын аударуды көздегенін айтады.

– "Біз нақты білеміз, тізімдегі Қазақстанның 661 азаматының бәрі соғысқа қатысқан" деп, ешбіріміз жазған жоқпыз. Бәріміз, міне, мынандай тізім шықты деп жаздық. Менің мотивациям Қазақстан үкіметінің соған назарын аудару болды, – дейді ол.

Украинаның "Хочу жить" жобасы Ресей қатарында соғысқан шетел азаматтарының тізімін кезең-кезеңімен жариялап келеді. Бұл ақпаратты Қазақстанда бөліскен медиа, желі қолданушысы көп. Дегенмен Лұқпан Ахмедияров былтыр да Тараз тұрғынының дәл осыған ұқсас шағымы бойынша полицияға шақыртылған еді.

Лұқпан Ахмедияров шетелге шығуы тыйым салынғаннан бері полицияға шақыртылмаған айтты. Ол Азаттыққа "бұл іс бойынша адвокатым жұмыс істеп жатыр" деді.

Ахмедияровтың сөзінше, ол заңгерімен бірге Астана полициясынан ұшақ билетінің шығын өндіру бойынша да шағым түсірмек.

6 тамызда Халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін Лұқпан Ахмедияровқа елден шығуға қойылған шектеуді алып тастауға және оған қысым жасауды доғаруға шақырды.

CPJ журналист Ахмедияровтың осыған дейін де бірнеше рет қысымға тап болғанын: әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталып, жазбалары өшірілгенін, ал шілде айында белгісіз біреу оның көлігіне бояу шашып кеткенін еске салып, Қазақстан билігін бұл жағдайларды тексеруге шақырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құқықтық медиа-орталық "сөз бостандығына қысым күшейгеніне", "Әділ сөз" Мұхаммедкәрімнің жағдайына алаңдайды