"Жалған уәдемен айналысқандар", "ауылда нан пісіргендер". Партия лидерлерінің пікірсайысы өтті

Құрылтай сайлауына түсетін партияның төрағалары қатысқан дебат. 19 тамыз 2026 жыл.

Құрылтай сайлауына түсетін жеті партияның лидерлері 19 тамыз кешкісін 24KZ телеарнасында теледебатқа қатысты. Бұл 23 тамызға жоспарланған Құрылтай сайлауы алдындағы соңғы теледебат болды. Бұған дейін ресми тіркелген жеті партия өкілдері қатысқан үш дебат өткен еді.

Пікірсайыс барысында партия лидерлері бағдарламаларын мақтап, өзгелердің бағдарламасын сынап қалуға тырысты.

Жеребе бойынша бірінші сөз бастаған Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров "біз - нақты істердің партиясымыз. 20 жылдан бері парламентте бос ұран, жалған уәделермен айналысқан кейбір партиялар тек бюджетті қалай бөлуді айтады. Біз, керісінше, сол байлықты көбейтуді ұсынып жатырмыз" деді. Бірақ ол "бос ұран, жалған уәделермен айналысқан" партияларды нақты атамады.

Қожаназаров "халықтың сұранысы – табысының артқаны, бағаның тұрақты болуы, адамның таңнан кешке дейін жұмыс істеуі емес еңбегінің бағалануы" дей келе жалақы, зейнетақы, жәрдемақыны "мықты экономика арқылы көтеруді" ұсынатындарын айтты.

"Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев "табиғатты ұрпақтан қарызға алдық, сол табиғатты әдемі күйінде ұрпаққа жеткізу – партиямыздың мақсаты" деді. Ол "табиғатты сақтамаса, Балқаш көлі, Каспий теңізі, Ертіс, Сырдария өзендерінен айырылу қауіпі төніп тұрғанын, бұл мәселелер шешілмесе ауызсу мәселесі туындайтынын" айтады.

Әміртаев экологияны жақсартуға ақша бөлініп жатса да, ауа мен су тазармағанын, су көбеймегенін алға тартып, "Байтақ" парламентке өтсе экологиялық заңдарды қабылдауға, экологияға бөлінетін қаржыны бақылауға алуға ат салысады дейді.

"Ақ жол" партиясының төрайымы Дания Еспаева "кәсіпкерлікті дамытуға күш салып, орынсыз тексерістерді тоқтатуды жоспарлайтындарын" айтады. Ол "қоғам елдегі өзгерістерді шын сезінуі керек" дейді. "Ақ жол" жас отбасыларды үймен қамтамасыз ету үшін екі баласы бар отбасылардың ипотекасының елу пайызын мемлекет субсидиялауды, ал төрт баласы бар отбасыларға процентсіз ипотека беруді ұсынады. Бірақ партия жетекшісі субсидияға ақша қайдан алынатынын, мұның экономикаға салмағын ашып айтпады.

Ал жаңадан құрылып, 30 жыл билік партиясы болған "Аманатты" (бұрынғы "Нұр Отан" партиясы) өзіне қосып алған "Әділеттің" төрағасы Айбек Дәдебай "партиямыз президентіміздің саяси бағытына тірек болады" дейді.

Ол "тұрғын үй көлемін арттырамыз, бір миллион жұмыс орнын ашамыз, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, ауылда тұратын бір миллион адамның табысын арттырамыз, бес миллион жасқа жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйретеміз" дейді. Бірақ бұл уәделер қалай жүзеге асырылатыны дебат барысында айтылмады.

"Ауыл" партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов елде азық-түлік қауіпсіздігін арттыратынын айта келе, Қазақстанда "Агробанк" ашуды ұсынамыз дейді. Ол алдағы бес жылда ауылдағы екі миллион халықты жоғары жылдамдықтағы интернет жеткізуге, ауыл квотасымен оқыған жастарды ауылдарында баспанамен қамтамасыз етуге күш салатындарын алға тартады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) төрағасы Асхат Рақымжанов алты партияны "бизнестің лоббиінде және гипер қамқорлығында" деп сынады. Ол "кез келген сайлаушы алты партияның айтқан сөздері мен сол сөздерінің мәнінің қабыспайтынын бірден аңғарады. Олардың тізімдері шоумендер, блогерлер, саясаттан алыс адамдармен толған" дейді. Рақымжанов ЖСДП бағдарламасы "социал демократия идеясын алға жылжытады" деп мақтанды. Ол қарсыластарын "бизнес партиясынан мажорлар партиясына айналғандар", "ауылға барып нан пісіріп, агитацияны шатастырып алғандар" деп мысқылдады.

Қазақстан халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов "мемлекеттік қолдауды сауда жүйелері мен шикізат монополиялары емес еңбек адамы, орта тап сезінуі керек" дейді. Оның сөзінше, "мемлекеттік жетістігі дүкендегі тамақ бағасымен, сапалы білім мен медицина қолжетімділігімен, еңбек адамы болашағына қаншалықты сенетінімен анықталады". Шоқанов "әрбір теңгені есеп беруге емес адамдарға, әлеуметтік лифтіге, білім мен ғылымға салу керек" деді.

Пікірсайыс барысында партия өкілдері өздеріне берілген уақыт кезінде ғана сөйледі. Бір партия бір қарсыласына ғана сұрақ қойды. Сұрақ қойылып кеткен партияға басқа партия сұрау бере алмады. Теледебатта партиялар бір-бірімен ашық сөз таластырып, бір-бірінің сынына жауап берген жоқ. Тек өз ұстанымдарын, уәделерін, ұрандарын айтты.

23 тамызға жоспарланған Құрылтай сайлауына елде ресми тіркелген жеті партия "Ақ жол", "Ауыл", "Әділет", "Байтақ", ЖСДП, "Республика", "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Кейбір сарапшы бұл саяси науқанды да шынайы бәсекесіз жағдайда өткізіледі деп сынап, оған билікті сынап, балама пікір айтатын топтардың партия құра алмайтынын алға тартады.

Биылғы сайлауға үкімет резервінен 34,3 млрд теңге жұмсалмақ.

Биыл көктемде бүкілхалықтық референдумнің ресми қорытындысы бойынша қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, бірпалаталы парламент – Құрылтайдың 145 депутатын сайлау 23 тамызға белгіленген.

Бұл сайлауға дейін елдегі оппозициялық топтар партия болып тіркеле алмады. Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан", "Атажұрт", "Намыс", "Ел тірегі" сынды ұйымдардың құжаттары "талапқа сай емес" деп тіркемеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Көзілдірік шешу", шатасқан сауалнама, тосылып қалған спикер.  Құрылтай алдындағы алғашқы теледебат қалай өтті?