Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21 тамыз кешкісін видеомәлімдеме жасап, халықты 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауында дауыс беруге шақырды. Ол сайлау күнін "тағдыршешті сәт" деп атап, елдің келешегі "әр азаматтың саналы таңдауына байланысты болады" деді.
"Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту, ел игілігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз. Дүниежүзінде миллиондаған адам өз сайлау құқығы үшін күресіп жатыр. Қазақта "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын" деді ол үндеуінде.
145 депутаттан құралатын Құрылтай сайлауына елде ресми тіркелген жеті партия "Ақ жол", "Ауыл", "Әділет", "Байтақ", ЖСДП, "Республика", "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Ал сайлауға дейін елдегі оппозициялық топтар партия болып тіркеле алмады. Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан", "Атажұрт", "Намыс", "Ел тірегі" сынды ұйымдардың құжаттары "талапқа сай емес" деп тіркемеді.
Сайлауды бақылап жүрген тәуелсіз ұйымдар да биылғы науқанды бақыламайтындарын мәлімдеген. Кейбір сарапшы бұл саяси науқан шынайы бәсекесіз өтіп жатыр деп, оған билікті сынап, балама пікір айтатын топтар қатыса алмайтынын айтқан. Билік сайлауға түсетін тараптарға тең құқық жасалған дейді.
Your browser doesn’t support HTML5
Жаңа заңдағы талап сайлауды бақылауға неге кедергі болып тұр?
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) тамыздағы парламент сайлауы алдында Қазақстанда журналистер "бұрын-соңды болмаған" қысымға тап болып, қылмыстық қудалауға ұшырап, журналистикамен айналысу құқығынан айырылып жатқанын жазды. CPJ мәлімдемесінде "бұл репрессияға халықаралық бақылау керек" дейді.