Нью-Йорктегі сот Дональд Трамп әкімшілігінің 75 ел азаматына иммиграциялық виза бермеу туралы шешімінің күшін жойды. Округ судьясы Жаннет Варгас мемлекеттік департамент шешімін заңсыз деп тапты.
АҚШ мемлекеттік департаменті 75 елдің азаматына иммиграциялық виза бермеу туралы шешімін 2026 жылғы қаңтарда қабылдаған. Бұл шешім табысы орташа және төмен деңгейдегі елдерден АҚШ-қа қоныс аударатын иммигранттар әлеуметтік жәрдемақы алушыларға айналып, АҚШ бюджетіне салмақ түсіреді деп қабылданған. Аталған елдердің ішінде постсоветтік елдерден Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Молдова, Әзербайжан, Армения, Беларусь және Ресей бар.
Жаннет Варгас консулдық қызметтердің жұмысы Мемлекеттік департаменттің жауапкершілік аясына кірмейтінін атап өтіп, ведомство басшысы Марко Рубионы өкілеттігін асыра пайдаланды деп сынға алды.
Судья кейбір өтініш берушілерге тек азаматтығына байланысты виза берілмеген жағдайларды мысалға келтірді. Олар өздерін қаржылай қамтамасыз етуге қабілетті болған. Сондай-ақ, визаға өтініш мақұлданбағандар қатарында АҚШ-та жұмыс орны күтіп тұрған немесе отбасын біріктіру мақсатында елге көшуді жоспарлаған адамдар да бар. Судья Варгастың шешіміне сәйкес, мұндай визалық саясат азаматтығына байланысты кемсітуге тыйым салатын 1965 жылғы Иммиграция туралы заңға қайшы келеді.
Бұл шешім Трамп әкімшілігінің заңды және заңсыз иммиграцияны шектеу аясында жасаған қадамдарының бірі болған. Маусым айының аяғында АҚШ жоғарғы соты АҚШ-та шетелдік ата-анадан туған балаға бірден азаматтық беруге тыйым салатын Трамп жарлығының күшін жойған.