Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық жағдайына байланысты өз үйінде дауыс берді.
"Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Құрылтайы сайлауында дауыс берді. Жақында бел омыртқасына жасалған отадан кейінгі денсаулық жағдайына байланысты Тұңғыш Президент өз дауыс беру құқығын үйде жүзеге асырды" деп хабарлады Назарбаевтың ресми сайты.
Бұған дейінгі сайлаулар мен референдумдарда ол "Астана Опера" ғимаратындағы №228 сайлау учаскесінде дауыс беретін.
Совет одағының ақырғы жылдарында Қазақстанның премьер-министрі болған Назарбаев Қазақстан егемен ел атанғалы мемлекет басшысы қызметін атқарып, 2019 жылы бұл лауазымнан кететінін мәлімдеген. Ол өз орнына кезінде премьер-министр, сыртқы істер министрі, сенат спикері лауазымдарын атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.
Сол жылы маусымда өткен сайлауда Тоқаев президент болып жарияланды. Алайда Назарбаев билік басындағы "Нұр Отан" партиясы мен қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметтерін жалғастырып, елде қос билік орнағаны айтыла бастады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ол бұл қызметтерден бас тартты. Кейін Тоқаевтың өзі Қаңтар оқиғасына дейін елде қос билік болғанын растады.
Назарбаев биыл шілдеде 86 жасқа толды.