Қазақстанда парламент сайлауында дауыс беру аяқталды

Алматыдағы сайлау учаскесіндегі бюллетень салынған жәшік. 23 тамыз, 2026 жыл.

Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау аяқталды. Кешкі сағат 8-де ел аумағындағы 10 344 сайлау учаскесі жабылып, дауыстарды санау басталды.

Еуропа мен Америкада орналасқан сайлау учаскелері әлі жұмыс істеп тұр.

Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша, 12 605 788 сайлаушының 9 352 151-і қатысқан. Бұл – сайлаушылар тізіміндегі азаматтардың 74,19 пайызы.

Ресми көрсеткіш бойынша, кей аймақтарда белсенділік өте жоғары болып, көрсеткіш 90 пайыздан асқан. Түркістан (92%), Жетісу (91%) және Қызылорда (90%) облыстары ең жоғары нәтиже көрсетті.

Шығыс Қазақстан (87,5 пайыз), Ақтөбе (88, пайыз), Жамбыл (85,1 пайыз) облыстары да алда тұр.

Ең төмен көрсеткіш Астана (51%) мен Алматыда (43%) тіркелді.

Заң бойынша, дауыстарды санау уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс.

Дауыс берудің алдын ала қорытындысы 24 тамыз күні шығарылады.

Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланғалы бергі осымен оныншы рет парламент сайлап жатыр. Алғашқы парламент 1994 жылы сайланған. Бір палаталы заң шығарушы мемлекеттік орган Жоғарғы Кеңес деп аталды және Конституция бойынша кең өкілеттіктерге ие болды. Бірақ бір жылдан кейін, Конституциялық Сот "парламент сайланған кезде сайлау заңы бұзылған" деген шешім шығарғаннан кейін, ол парламент таратылды.

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституция бойынша, елде Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы парламент құрылды. Ол 1996 жылы жұмысын бастады. Содан кейінгі 30 жылда Конституцияға парламентті құру қағидаттарына байланысты бірнеше рет өзгертулер енгізілді. Екі палаталы парламентінің соңғы, сегізінші шақырылымы 2026 жылғы 1 шілдеге дейін, яғни президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және оның қатысуымен жасалған жаңа Конституция күшіне енгенге дейін жұмыс істеп келді.