Orda.kz басылымы жабылатынын мәлімдеді

Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция. Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.

Қазақстандық Orda.kz медиажобасы 1 қыркүйектен бастап жабылатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде басылым әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарлады. Оның жұмысын тоқтату жөніндегі шешімді "Ordamedia.kz" ЖШС құрылтайшысы әрі бірінші басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған.

"Қабылданған шешімнің қандай да бір астары жоқ: редакция тауып жатқан ақша оның өзін қаржыландыруға жетпейді. Бұл жағдайға алып келген өзге себептер жоқ" делінген мәлімдемеде.

Оrda.kz – Қазақстандағы әйгілі медиажобалардың бірі. Оның сайты мен YouTube-арнасында, әлеуметтік желідегі парақшаларында Қазақстан мен әлемде болып жатқан түрлі мәселелер қозғалады, журналистік зерттеулер, репортаждар мен эксклюзив сұхбаттар көп шығатын. Orda.kz телеграм-арнасында 135 мыңдай жазылушы бар.

Басылымның бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы, соның ішінде "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алған. Журналист өзіне тағылған айыптарға келіспейді. Үкім әлі заңдық күшіне енген жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

"Сіздер – Ресей, мен – Украина". Журналист Гүлнәр Бажкенова сегіз жылға сотталды

Бажкенова тұтқындалып, редакцияда тінту жүргізілерден бұрын Orda.kz сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ұсталды деген расталмаған ақпарат жариялаған, ал Бажкенованың өзі Kaspi Bank басшылығын Orda.kz басылымын рейдерлік жолмен басып алуға әрекеттенді деп айыптап, наразылық акциясын ұйымдастырған.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), Human Rights Watch (HRW), International Partnership for Human Rights (IPHR) және басқа да халықаралық құқық қорғау ұйымдары Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторына үкімді Қазақстандағы «баспасөз бостандығына жасалған үлкен соққы» деп атап, журналисті босатуға шақырған.