Тоқаев ШЫҰ басшылары жиынына қатысу үшін Бішкекке барды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – президент әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев қарсы алып тұр. Бішкек, 31 тамыз, 2026 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитіне қатысу мақсатында Қырғызстан астанасы Бішкекке барды. 1 қыркүйекте онда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысы және "ШЫҰ+" форматындағы кездесулер өтеді.

Онымен қоса бұл күні қырғыз астанасына Ресей президенті Владимир Путин, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Того Республикасы министрлер кеңесінің төрағасы Фор Эссозимна Гнассингбе, Лаос президенті Тхонглун Сисулит, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф келді.

Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қырғызстанға мемлекеттік сапары 30 тамызда басталған.

Меймандар "Бішкек Арена" стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысып жатыр.

Бұдан бұрын Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов Бішкек тұрғындарынан 30 тамыздан 1 қыркүйекке дейін өтетін ШЫҰ саммиті кезінде қаладан Ыстықкөлге немесе басқа демалыс орындарына бара тұруды өтінген.

Қырғыз президентінің баспасөз хатшысы бірқатар халықаралық іс-шараға байланысты мектептер мен жоғары оқу орындары сабақты 15 қыркүйекте бастайтынын еске салған.

2001 жылы құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан, Үндістан, Иран жана Беларусь кіреді.