30 алтын ба, әлде 32 ме? Көшпенділер ойынында жалпыкомандалық есептен дау шықты

Қазақстандық спортшы Көшпенділер ойынындағы теңге ілу жарысында. Чолпан-Ата. 4 қыркүйек 2026 жыл.

Қырғызстанда аяқталған Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жалпыкомандалық есеп нәтижесі бойынша дау шығып, Қазақстан мен Қырғызстанның қайсысы алтын медаль саны бойынша бірінші орын алғаны анық болмай қалды. Даудың жай-жапсары.

ЕКІ ТҮРЛІ КЕСТЕ

Көшпенділер ойыны аяқталған соң қазақстандық пабликтер жариялаған жалпыкомандалық есепте Қазақстан 32 алтын, 20 күміс, 22 қоламен (барлығы 74 медаль) бірінші орында, Қырғызстан 30 алтын, 35 күміс, 19 қола медальмен (барлығы 84 медаль) екінші орында тұрды.

Бұл кесте қазақстандық интернет сегментінде тарап кеткен тұста Көшпенділер ойынын ұйымдастырушылар инстаграмдағы ресми парақшаларында Қырғызстан бірінші орында тұрған жалпыкомандалық есепті жариялады. Ұйымдастыру комитетінің кестесіне сай, Қырғызстанда 30 алтын, 29 күміс, 13 қола (72 медаль), ал Қазақстанда 29 алтын, 16 күміс, 19 қола (64 медаль) деп көрсетілген. Артынша бұл нәтижені ұйымдастыру комитеті баспасөз мәслихатында да хабарлады.

Қазақстандық пабликтерде тараған (сол жақта) және ұйымдастыру комитеті жариялаған (оң жақта) жалпы есеп.

Екі түрлі кесте тарап кеткен тұста қазақ-қырғыз жанкүйерлер желіде дауласа бастады. Ал Қазақстан спорт және туризм министрлігі де ел құрамасы Көшпенділер ойынында 32 алтынмен жалпы есепте бірінші орын алғанын, Қырғызстанда 30 алтын медаль барын мәлімдеді.

Кейін қазақстандық журналистер жарыстың соңғы күні, яғни, 6 қыркүйекте Қазақстан спортшылары тоғызқұмалақтан жеңген екі алтын жүлдесі мен мангаладан иеленген бір алтын медалі жалпы есепке қосылмай қалғанын айтты.

"ЖАЛПЫКОМАНДАЛЫҚ ЕСЕП ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ"

Желіде сын көбейіп, ұйымдастыру комитетіне сұрақ туындаған тұста Көшпенділер ойынының инстаграмдағы ресми парақшасында жарияланған жалпыкомандалық есептің кестесі жоғалып кетті.

Ал Қырғызстан дене шынықтыру және спорт агенттігі ресми парақшаларында "6-Дүниежүзілік көшпенділер ойынының концепциясына сай, елдердің жеңіп алған медальдары бойынша жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді" деп мәлімдеді. Дегенмен жарыс ұйымдастырушылары жалпыкомандалық есепті ойын бастала сала жүргізіп келген еді. Елдер арасында медаль есебі жүргізілмейтіні ойындар басталғанда айтылмаған. Бұған дейінгі Көшпенділер ойынында елдер иеленген медальдар бойынша кестелер жарияланып келген еді.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел құрамасын Көшпенділер ойында "табысты өнер көрсетуімен құттықтап", "жоғары нәтижеге спортшылар тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін" айтты. Бірақ жалпыкомандалық есептегі жағдайға байланысты ештеңе демеді.

Қазақстан спортшылары Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында ашылу салтанатында. Бішкек, 31 тамыз 2026 жыл.

Көшпенділер ойынында Қазақстан мен Қырғызстан арасында бұған дейін де дау болған. Мәселен, 2024 жылы Астанада өткен Көшпенділер ойынында көкпардың финалында екі елдің спортшылары бір-бірін қамшымен ұрды деп айыптаған. Финал уақытша тоқтап, ойыншыларды полиция ажыратқан. Кейін финал қайта жалғасып, Қазақстан 5:4 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал қырғыз спортшылары ойын әділ болмады деп марапаттау рәсіміне шықпай қойған. Жанжалдан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл жағдай екі елдің достығына әсер етпейді деген еді.

Ал биылғы Көшпенділер ойынында көк бөрү мен көкпардың финалында Қазақстан мен Қырғызстан кездесіп, екі ойында да Қырғызстан басым түсті. Көкпардағы есеп 7:2, көк бөрүдегі есеп 12:0 есебімен аяқталды.

Қырғызстандағы Көшпенділер ойыны 31 тамыз – 6 қыркүйек арасында өтіп, жүзден аса елден 3000 спортшы қатысты. Келесі ойындар 2028 жылы Татарстанның Қазан қаласында өтетіні хабарланды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Қазақстан құрамасы көкпар мен көк бөруден Қырғызстанға есе жіберді