Қазақстанда биыл 3,2 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар аяқталады

Қашаған кен орны.

Қазақстанда биыл құны 3,2 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар тәмамдалады. Бұл жобаларға Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерін салу, Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскелерін жөндеу, Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысы, Алматының екінші жылу электр орталығын жаңалау, Түркістан облысында бу-газ қондырғысын және гибрид электр станциясын салу жұмыстары кіреді.

Бұл туралы "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында айтты.

Жақыповтың сөзінше, Астанадағы деректерді өңдеу орталығының құрылысы мен Каспий теңізінің табанына талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ елде мүгедектігі бар балаларға арналған 55 орталық және 46 инклюзия кабинеті ашылғаны айтылды.

Жақыпов 2027-2029 жылдары энергетика, мұнай-газ секторы, көлік және цифрлық инфрақұрылым салалары бойынша 21 триллион теңгеге 38 жоба жасау жоспарланғанын да мәлімдеді.