Өзбекстанда балаларды қорлап, оларға зорлық көрсеткен педагогтарға айыппұл салады

Өзбекстанда білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне кәмелетке толмағандарға күш көрсеткені, оларды қорлағаны және ар-намысына тигені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Тиісті өзгерістер №1174 заңда бекітілді.

Балаларды тәрбиелеу және оқытуға жауапты қызметкер кәмелетке толмаған балаға күш көрсетіп, оны қорлаған немесе ар-намысына тиген жағдайда, егер оның әрекетінен қылмыс немесе басқа да құқық бұзушылық белгілері байқалмаса, оған базалық есептік шаманың бес есеге дейінгі көлемінде (шамамен 40–190 доллар) айыппұл салынады.

Осы үшін әкімшілік жауапқа тартылған педагогтар бір жыл бойы балабақшада, жалпы білім беретін және орта арнаулы оқу орындарында, сондай-ақ кәсіптік және қосымша білім беру ұйымдарында педагогикалық қызметпен айналыса алмайды.

Өзбекстандағы мектептер мен балабақшаларда педагогтардың балаларға күш көрсетуі және қатыгез қарым-қатынас жасауы кейінгі жылдары қоғамда ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналды. Әлеуметтік желілерде мұғалімдердің балаларға күш көрсеткенін немесе оларды көпшілік алдында қорлағанын бейнелейтін резонанс тудырған видеолар жиі тарай бастады.