Жапонияның Аичи және Нагоя қаласында басталған Азия ойындарының алғашқы жарыс күні Қазақстан бірден төрт алтын медаль иеленді.
Велоспорттан тасжолдағы жекелей уақытпен жарысуда Алексей Луценко ерлер арасында, Рината Сұлтанова әйелдер арасында Азиада чемпионы атанды.
Каратэнің кумите түрінен Жоламан Биғабыл (55 келі) финалда Хумоюнмирзо Халимовты жеңіп, алтын иеленді. Ал әйелдер арасында 68 келіде Софья Берульцева финалда таиландық Маниван Бутсуванды жеңіп, чемпион атанды.
Бұған қоса, қазіргі бессайыстан Қазақстан құрамасы қола медаль иеленді. Ал триатлоннан ерлер арасында Арлан Жанабай үшінші орын алды.
Осылайша Қазақстан Азиаданың алғашқы күні 4 алтын, 2 қоламен жалпы есепте Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан кейін төртінші орында келеді.
Велоспортшы Луценко Азия ойындарында осымен бесінші рет чемпион атанып отыр. Ол 2018 және 2022 жылғы Азиадада екі-екі алтыннан иеленген. Ол алдағы күндері топтық жарысқа да қатысады.
Каратэден Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері София Берульцева Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.
Азия ойындары 4 қазанда аяқталады. Бұл жарыс төрт жылда бір рет ұйымдастырылады. Қазақстан үшін Азия ойындары олимпиададан кейінгі ең ірі дода саналады.