Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық орыс тілі ұйымының бас хатшысы Наталья Бочаровамен кездесіп, ғылым-білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Бұл ұйымды құруды 2022 жылы Тоқаевтың өзі ұсынған еді.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев кездесуде бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде ұйымға мүше барлық елдің мүддесіне тең қарау керегіне назар аударған. Ал Бочарова Тоқаевқа ұйымның даму жоспарын таныстырған. Қазақстан президенті "тіл саясиландыратын мәселе емес, керісінше адамдарды біріктіруге, өзара түсіністікке қызмет етуге тиіс" екенін айтқан.
Қазақстан президенті Тоқаев 2022 жылы қазанда ТМД жанынан орыс тілін қолдайтын және дамытатын "Халықаралық орыс тілі ұйымын" құруды ұсынған. Ал 2023 жылы 13 қазанда Бішкекте ТМД елдері басшыларының отырысында орыс тілі ұйымын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл ұйымға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан кіреді.