Бас прокуратура Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қазасына байланысты тергеу жалғасып жатқанын хабарлап, күдіктілер анықталғанын мәлімдеді.
“Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу барлық күдіктінің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды” деп жазылған Бас прокуратураның 25 қыркүйек күндізгі хабарламасында.
Ведомствоның айтуынша, 30-дан астам әскери қызметкерден жауап алынған, 12 сараптама тағайындалған. Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленген.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, кемінде 12 сарбаз қаза болды. Үш сарбаз құтқарылған, біреуі ауруханаға жатқызылды. Қазір екеуі іздестіріліп жатыр. Оқиғаға байланысты "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған.
Қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекте елде азалы күн жарияланды.