Каспийдегі апат: теңіз күштері қолбасшысының орынбасары және төрт командир ұсталды

Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғадан кейін полицияның әскери қызметкерлерді ұстаған сәті. 25 қыркүйек 2026 жыл. ІІМ видеосынан скриншот.

Маңғыстау облысында әскери жаттығу кезіндегі сарбаздардың қазасынан соң әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.

Барлығы Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Министрлік "Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр деп мәлімдеді.

"24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 км жерде оқу-жаттығу барысында "Қайсар" катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткені анықталды" деді ведомство.

Тергеу жаттығуды ұйымдастыру және шешім қабылудың мән-жайларын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, ауа райы жағдайының ескерілуі, катердің техникалық жай-күйін, жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды әскерилердің әрекеттерін тексеріп жатқаны хабарланды.

ІІМ Каспийде сарбаздардың қазасына қатысты тағы да ұстау болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

“Іске қатысы бар басқа да тұлғалардың шеңберін анықтап, оларды ұстау мақсатында тергеу жалғасып жатыр” деді ведомство өкілдері.

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметкер суға батып кетті. 14 адам қаза болды, үшеуі құтқарылды. "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағаидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.