2026 жылғы 25 қыркүйекте 14 сарбаз Каспий теңізіндегі әскер жаттығу кезінде суға кетіп опат болды. Бұл қасіреттің алдын алуға болар ма еді? Кім неден қателесті? Сарбаздардың дайындығы қандай болды? 2009-2018 жылдары Қазақстан Қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болған вице-адмирал Жандарбек Жанұзақовпен осы мәселелерді талқыладық.
Азаттық: Қазақстанның ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, сарбаздар "Қайсар" деген катерден суға түскен. Бірақ жағаға қанша метр жетпей түсті, мән-жай әлі толық анық емес. Ал әлеуметтік желіде сондай нұсқа кешелі бері айтылып жүр еді. Яғни, бұл нұсқа бойынша сарбаздар кемеден түскен, жағаға жақындап қалған жерде ойпаң жер, падина дейміз ғой орысша, соған түсіп кеткен. Солай болуы мүмкін бе? Және солай болса теңіздің жағасында сондай ойпаң жер барын әскерилер алдын-ала неге білмеді?
Жандарбек Жанұзақов, әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, вице-адмирал
Жандарбек Жанұзақов: Шынымды айтсам, бұл мәселеге баға бере алмаймын. Өкінішке қарай, оқиға оқу-жаттығудың соңғы күндерінің бірінде болды. Бұған дейін осы бөлімшенің әскери қызметшілері нақ осы "Қайсар" катерімен де дәл осы шараларды сол ауданда, сол жерде бірнеше рет өткізгеніне сенімдімін. Себебі мұндай жаттығулар күн сайын, тіпті күніне бірнеше рет өткізіледі. Сондықтан тереңдік те, десант түсетін орын да нақты анықталып, есептелген болуы керек.
Неге дәл сол қаралы күні десант түсіру кезінде жеке құрам түскен жер әлдеқайда терең болып шықты? Жұрт тереңдік бір метрден асқан дейді, бірақ қазір оны нақты айта алмаймыз. Дегенмен мұны жан-жақты зерттеу керек. Ең алдымен, кеменің тұрған орнында қателік болған жоқ па? Алғашқы күндері бір жерде жаттыққан болса, соңғы күні ауа райына байланысты жаңсақ кетуі немесе маневр кезінде катерді теңізге қарай ағызып әкетіп, сіз айтып отырғандай шұңқырға тап болуы ықтимал. Қазір бұл жайлы нақты айта алмаймын.
Your browser doesn’t support HTML5
Қаралы күн, аза тұтқан ата-ана. Тоқаев Маңғыстауға неге бармады? — AzatNEWS l 25.09.2026
Сарбаздар катерден түскен жердің тереңдігі ақпарат құралдары жазып жатқандай бір-ақ метр болса, ең аласасының бойы 1 метр 70 сантиметр деп есептесек, толқын қатты болған күннің өзінде олар жағаға еш қиындықсыз шығар еді. Сондықтан судың табаны одан әлдеқайда терең болған шығар деген пікірге келісемін.
Азаттық: Қаза тапқан сарбаздардың туыстары да, әлеуметтік желі қолданушылары да "ауа райы соншалық нашар болып, қатты жел соғып тұрғанда сарбаздарды суға түсірмей, жаттығуды тоқтата тұруға болмас па еді?" деп жазып жатыр.
Жандарбек Жанұзақов: Менің білуімше, кеше сол ауданда қатты жел болады деген ескерту жарияланған. Ауа райы болжамы, желдің күші, теңіздің толқыны туралы әртүрлі айтылып жатыр. Синоптиктер жалпы Маңғыстау облысы бойынша мәлімет береді, ал дәл десант түскен жерде теңіз бен жел қандай болғанын білмеймін, сондықтан нақты айта алмаймын. Ауа райы нашарлаған жағдайда жаттығу басшысы шараны кейінге қалдыруы немесе тоқтатуы тиіс. Бұл – қалыпты нәрсе. Тиісті басшы қандай дәлелдерге сүйеніп десант түсіру туралы шешім қабылдағанын қазір айта алмаймын.
Азаттық: Бұл әскери-теңіз күштерінің жаттығуы болғаны белгілі. Алайда әлеуметтік желіде "қаза тапқан сарбаздар жүзе алмады ма?" деген сұрақтар да айтылып жатыр. Бұған не дер едіңіз?
Жандарбек Жанұзақов: Мерзімді қызметтегі әскерилер басқалар сияқты әскери-теңіз күштеріне де бір жылға келеді. Қаза тапқан сарбаздар сол бір жылды іс жүзінде өтеп болған еді. Әскери-теңіз күштерінің, атап айтқанда теңіз жаяу әскері батальонының жауынгерлік даярлық бағдарламасында сарбаздарды теңіз жағдайында даярлау элементтері бар екеніне сенімдімін. Яғни әскери қызметші жүзе білмесе де, бір жыл ішінде оны үйретуге болатын еді. Сондықтан сарбаздардың бәрі жүзе білгеніне сенімдімін.
Мәселе басқада. Олар бар қару-сайманын толық асынып жүргенін ескеру керек. Яғни автомат асынып, киімнің сыртынан берен кеудеше, бәтеңке киіп жүрген. Мұның бәрі сарбаздың денесін ауырлатып, қимылын шектейді. Қазір сарбаздарда құтқару кеудешесі болды ма деген дау да көп. Осының бәрі жиналып, сарбаздардың жүзіп шыға алмауына себеп болған болуы мүмкін. Яғни киім мен арнайы жабдық оларға судан шығуға мүмкіндік бермеген сияқты. Негізгі мәселе осында. Әйтпесе бұл сарбаздардың әрқайсысы жүзе білгеніне сенімдімін.
Азаттық: Жандарбек мырза, бұл трагедияға кім жауапты, кім кінәлі деп ойлайсыз?
Жандарбек Жанұзақов: Бұл істе кім кінәлі екенін айту өте қиын. Қазір бәрі ауа райын және басқа да себептерді алға тартып жатыр. Мерзімді қызметтегі сарбаздар туралы сөз болғанда, кез келген жағдайда башы кінәлі. Бұл – менің көзқарасым. Қозғалған қылмыстық іс аясында материалдар жан-жақты зерделенеді, фото және бейнематериалдар, әңгімелердің жазбалары алынады деп ойлаймын. Тиісті тұлғалардан жауап алынып, әр әскери қызметшінің әрекеті тексеріледі, соған сүйеніп процессуалдық шешімдер қабылданады деп үміттенемін. Менің ойымша, мұнда қауіпсіздік шаралары бұзылған, соның салдарынан, өкінішке қарай, осындай қайғылы оқиға болды.
Азаттық: Сарбаздар катерден суға секіріп, батып бара жатқанда, катердің өзінде құтқарушылар болмады ма? Әдетте ондай құтқарушылар бола ма? Әлде олар құтқаруға дайын болмай қалды ма?
Жандарбек Жанұзақов: Мен де бұл жағдайды түсіне алмай отырмын. Катердің бортында аз болса да экипаж мүшелері болды. Сонымен қатар бортта теңіз жаяу әскерінің қалған сарбаздары да болған сияқты. Соншама сарбазды неге құтқара алмағанын қазір айту қиын, өйткені мен оқиға орнында болған жоқпын. Сарбаздар қаза болып жатқан сәтте катер командирі не істеді, басшылар қалай әрекет етті, осы ауданда болған басқа кемелер мен катерлер не істеді, мұны білмеймін.
"Қайсар" қандай катер?
"Қайсар" катері (борт нөмері 102).
"Қайсар" катеріне 17-19 адам сияды. Ресейдегі "Рыбинская верфь" зауытында жасалған. Қазақстан теңіз әскерінің Ақтаудағы бөлімшесінде 2023 жылдан бері бар. "Қайсар" жоғары жылдамдықпен жүретін десанттық броньдалған катер. 80 км/сағ жылдамдыққа дейін барады.16-18 метр болатын катерді жағалауды қадағалауға, диверсиялық операцияларға, теңіз шекарасын бұзғандар мен табиғатқа зиян келтіргендерді ұстауға, десанттарды түсіруге және әскерилерді тасымалдауға қолданылады.
Әрине, әр кеме командирі орындайтын белгілі бір ережелер мен пысықталған элементтер бар. Бұл жағдайда "адам борттан құлады", "суға батып бара жатқан адамды құтқару" деген элементтер орындалады. Менің білуімше, кеме экипаждары бұл элементтерді үнемі пысықтап, жаттығып отырады. Бұл жағдайда да соның бәрін орындауы тиіс еді. Олар қаншалық тиімді әрекет еткенін, адамдардың қаншасын құтқара алғанын қазір айта қою қиын. Өкінішке қарай, оқиғаның барлық мән-жайын білмеймін.
Азаттық: Сіз әскери-теңіз күштерін іштей білесіз. Ең алдымен нені өзгерту керек деп ойлайсыз? Бұл салаға қандай реформа қажет? Әлде бәрі жақсы ма?
Жандарбек Жанұзақов: Мен сегіз жылдан астам Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болдым. Менің тұсымда Әскери-теңіз күштерін дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Ол сол кездегі даму деңгейімізге сай болды, біз соған сүйеніп ілгері жылжыдық. Әлемдегі қақтығыстарды, қару-жарақтың заманауи түрлерінің қалай дамып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан әскери-теңіз күштерін дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеп, басқа бағытта дамыту қажет болар.
Менің ойымша, ұшқышсыз және экипажсыз құралдарды дамыту керек. Мұнда тек ұшқышсыз ұшу аппараттары ғана емес, экипажсыз катерлер мен суасты роботтары да бар. Қазір көп елде әскери қызметшілердің орнына роботтандырылған жүйелер мен кешендер қолданылып жүр. Әскери-теңіз күштерінің саны аз, сондықтан осы шағын құраммен заманауи технологияны пайдалана отырып, алдағы міндеттерді лайықты орындауға болады. Сол себепті ауқымды реформа қажет. Айналамызда және әлемнің көп елінде болып жатқан қақтығыстардан сабақ алып, салмақты тұжырымдама әзірлеп, реформа жасау керек.
Your browser doesn’t support HTML5
«Қорғаныс министрі жауап беруі керек». Сарбаздар қазасына жұрт реакциясы