Қытайдың неке заңы және ДНҚ талдауы. Қазақстан 10 жасар Раянаның құжатын қабылдай ма?

Қытайда туған Раяна қазір Қазақстанда әке-шешесімен бірге тұрады, бірақ құжат жүзінде олардың баласы емес. Оның туу туралы куәлігінде әке мен шеше орнына туыстарының аты жазылған, ал Қазақстан азаматы Раянаны ДНҚ сараптамасы арқылы өз қызы екенін дәлелдеуге тырысып жүр. Осы мәселе шешілмегендіктен, бүлдіршін Қазақстан азаматтығын ала алмай отыр. Әкесі Раянаның Қытай паспортының мерзімі 2028 жылы біткенде, құжат мәселесі шешілмесе, оны Қытайға депортациялауы мүмкін деп қауіптенеді.

2023 жылы "Атажұрт" ұйымы жеті жасар қызымен алты жылдан кейін қауышқан Әбиір Дәлелханның видеосын таратты. Оның Раяна дейтін қызы осы ұйымның көмегімен Қытайдан Қазақстанға жеткізілген.

Арада үш жыл өтсе де, Әбиір Қазақстан құзырлы органдарына Раянаның өз қызы екенін дәлелдей алмай жүр. Осы себепті оған Қазақстан азаматтығы да берілмей келеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Он жасар Раянаның құжат машақаты мен әке-шешесінің күресі

Қытайда туған қазақ баласы

Раянаның құжат рәсімдей алмай жүргеніне кезінде әке-шешесінің басынан өткен түрлі жайттар себеп болған. Қытайда туған Әбиір Дәлелхан 2009 жылы Қытайда үйленіп, ізінше әйелімен бірге Қазақстанға көшіп келген де, бірер жылда екеуі де Қазақстан азаматтығын алған. Бірақ ерлі-зайыптының дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетеді. 2015 жылы Әбиір Қытайға барып, сонда жүргенде екінші рет шаңырақ көтереді. Бірақ Қытайда неке тіркейтін орган "бұрынғы әйеліңмен ажырасқаның туралы базада дерек жоқ, сол кісінің өзі Қытайға келіп растауы керек" деп талап қояды. Ажырасқаны туралы Қазақстаннан әкелген анықтамасын қабылдамайды. Сөйтіп екеуі неке куәлігін ала алмай қалады. Отбасы мұның зардабын 2016 жылы Раяна дүниеге келерде тартқан.

– Содан босануға жақындаған кезде біз көп кедергі көрдік. Ауруханаға жатқызарда бізден неке куәлігін талап етті. "Неке куәлігін беріңдер, болмаса біз аборт жасатамыз" деді. Больницаға кіргізу үшін сондай құжаттарды бізден талап етті. Баланы аман алып қалу үшін амалсыз інімнің жеке куәлігін өзімнің орныма, келіннің жеке куәлігін әйелімнің орнына қойып, ауруханаға кіргіздік. Сөйтіп босандырып алдық, – дейді Әбиір.

Әбиір Дәлелхан Қытайда туған қызы Раянаны өз баласы екенін дәлелдей алмай жүр. 4 қыркүйек 2026, Алматы облысындағы Бәйдібек би ауылы.

Осылайша Қытай құжатына Раяна Әбиірдің інісі мен келінінің қызы болып жазылып кеткен. Құжатты түзету жұмыстары Қытайдың өзінде басталған.

Әбиірдің айтуынша, олар Шыңжаңда ДНҚ талдауын жасатып, сараптама нәтижесін құзырлы органдарға апарған. Ондағылар тағы да неке куәлігін талап еткен, онсыз құжатты түзету мүмкін емесін айтқан.

Іс созылып кетіп, 2017 жылы Әбиір Дәлелхан жұмыс істеу үшін Қазақстанға оралған. Әйелі Раянаның құжатын реттеп, біратыла барамыз деп Қытайда қалып қойған. Бірақ екі жылда ешқандай өзгеріс болмай, 2019 жылы Раянаны ата-әжесіне қалдырған шешесі Қазақстанға күйеуінің қасына келген.

Қазақстан азаматтығын алған ерлі-зайыпты халықаралық ұйымдарға үндеу жасап, Раянаны Қытайдан алдыруға араша сұрайды.

"Мен қызымды сағындым. Өйткені оны көрмегеніме алты жыл болды. Мен қызымның тағдырына алаңдаймын. Өйткені ол Қытай мемлекетінде өзгелердің босағасында екі көзі жәутеңдеп, сәби жүрегі езіліп, "анашым, әкешім қашан келеді екен?" деп менің жолыма қарауда" дейді ол 2023 жылы жарық көрген видеода.

Әбиірдің айтуынша, осы видеоның арқасында халықаралық ұйымдар, белсенділер көмек қолын созып, Раянаны Қазақстанға алдыртқан.

– Егер ол видео қатты тарамаса, бізге төлқұжат пен визаны бермес еді. Үрімшіден виза аштырып, шекараға әкелді. Серікжан Біләш ағаның ("Атажұрт" ұйымының негізін қалаушы, қазір АҚШ-та тұрады – ред.) бізге көмектескен жігіттерімен алдынан күтіп алдық. 2023 жылғы 12 сәуір күні, – дейді ол.

Әбиір Дәлелхан Раянаның құжаттарын ақтарып отыр. 4 қыркүйек 2026, Алматы облысындағы Бәйдібек би ауылы.

Қазақстандағы қиын өмір

Содан бері үш жыл өтті. Раяна әлі де Қытай берген паспортпен жүр. Әбиірдің айтуынша, Қытай перзентханасы берген туу туралы куәлігін шекарашылар Қазақстанға өтерде алып қалған.

Құжатсыз жүргені Раянаға да, әке-шешесіне де қиын. Баланы биыл мектепке кіргізу де машақат болған. Ауылдағы мектеп ДНҚ сараптамасын есепке алып, ақыры оқуға қабылдаған. Ауруханаға барғанда да баланың құжатсыз жүргені қиындық тудырады.

Адам құқықтары жөніндегі бюроның айтуынша, қазір басты мәселе – Раянаның азаматтығы емес, оның ата-анасын заң жүзінде анықтау. Қытайда берілген туу туралы куәлікте басқа адамдар көрсетілгенімен, ДНҚ сараптамасы Қазақстандағы ерлі-зайыптының оның биологиялық ата-анасы екенін растайды. Қазақстан органдары Қытай берген құжаттағы мәліметті өз бетінше өзгерте алмайды, сондықтан ата-анасы сотқа жүгініп, ДНҚ қорытындысы мен басқа дәлелдерді ұсынуы керек. Сот олардың ата-ана екенін ресми түрде анықтағаннан кейін ғана Раянаның құжаттары мен Қазақстан азаматтығы мәселесін шешуге болады.

Әбиір Дәлелхан қызы Раянамен бірге. 4 қыркүйек 2026, Алматы облысындағы Бәйдібек би ауылы.

Енді қазір әке-шешесі Раянаны өз атына тіркеу үшін заңгер жалдап, Қазақстан құзырлы органдарына ДНҚ сараптамасын ұсынып, әрекет жасап жүр. Бірақ өтініштері әлі қаралмаған.

Әбиірдің сөзінше, отбасы ДНҚ сараптамасын Қазақстанда да жасатқан. Сөйтіп Алматы облысындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі сотқа жүгінген.

– Олар "Қытайдың жауабын күтіп отырмыз" дейді. Қытай ешқандай құжат бермейді. Біздің қолымыздағы құжаттар – Қытай Халық Республикасында танылған заңды құжаттар, – дейді Әбиір.

Азаттық Раянаның жағдайы бойынша Алматы облысындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі сотқа сауал жіберді. Оған әзірше жауап келген жоқ. Отбасына көмектесіп жүрген "Құқықтық бастама" ұйымы өкілдерінің айтуынша, бұл сот олардың арызын қабылдамай қойған.

"Біз сотқа заңдық фактіні белгілеу туралы арыз жазғанбыз. Бұл істе Қытайдың сот шешімі керек деп, арызды қабылдамады, ауызша жауап берді. Енді жазбаша жауап талап етіп жатырмыз. Тағы сотқа береміз әрі қарай. Ол үшін бізге жазбаша жауап керек. Іс әлі біткен жоқ" дейді "Құқықтық бастама" ұйымы.

Раянаның Қытайдан алған төлқұжатының мерзімі 2028 жылы аяқталады. Оның ата-анасы құжаттарды сол уақытқа дейін реттеп алуға барын салып жатыр. Үлгермесе, Раянаны Қытайға депортациялауы мүмкін деп алаңдайды.