"Анашым, мені құтқарыңызшы". Ресей әскерінде жүрген тағы екі Қазақстан азаматы көмек сұрап отыр

Ресейге жұмысқа барған Қазақстан азаматтары Айнабек Келдібек пен Нұржан Әдиетов туыстарына хабарласып, Ресей әскеріне күштеп тартылғанын айтқан. Коллаж.

Ресейге жұмысқа барып, әскерден бір-ақ шыққан Мирас Тасжарғанов туралы хабардан соң, Азаттық осыған ұқсас жағдайға тап болған екі қазақстандық азаматтың анасы жүгінді.

Перизат Елеусізова бір айдан бері ұлы Айнабек Келдібекті Қазақстанға қайтара алмай жүргенін айтады. Айтуынша, Айнабек биыл 27 тамызда Ресейге күзетте жұмыс істеуге кеткен, бірақ көп өтпей оны әскерге алған.

– Маған хабарласып: "Анашым, мені құтқарыңызшы әлде мен қашып кетемін" деді. "Қашсаң, аман қайтпайды екенсің, балам. Елшілікке де, басқаларға да хабарласып жатырмын, құтқару әрекетін жасаймын" дедім. Кейін тағы хабарласып: "Бірінші топта болған балаларды соғысқа алып кетті, мені де бүгін-ертең алып кетеді, көмектесіңізші" деп жазып отыр, – дейді Шымкент тұрғыны Перизат Елеусізова.

Анасының айтуынша, Айнабек бұл жағдайды әуелі ешкімге айтпауға бекінген, алданып қалғанына намыстанған. Бірақ кейін әкесіне хабар берген. Перизат ұлының соғысқа аттанғалы тұрғанын қыркүйектің басында білгенін айтады. Айнабек бөтен нөмірден қоңырау шалған.

"Маған досым "күзет агенттігі", "3 миллион [рубль] беріледі" деді. Мақұл деп кеткенбіз. Жол шығынын көтерді. Шекарадан өткенде өздері күтіп алды. Смолинский деген елдімекенге бардық. "Бұл – күзет агенттігі, сендер балабақша, мектеп сияқтыларды күзетесіңдер" деді. Біз келістік. Сөйтті де бізді әскери комиссариатқа апарды. Ол жерде қолымызға көп құжат берді. Мен орыс тілін білмеймін, бәріне қол қойып тастадым. Содан кейін: "Болды, соғысқа кетесің, әйтпесе 15 жыл алып кетесіңдер" деген әңгіме айтып тұр бізге" дейді Айнабек Келдібек аудио хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Отбасымды көргім келеді". Украинаға тұтқынға түскен Орталық Азия тумаларының көмек сұраған дауысы неге естілмей қалып жатыр?


Айнабек жұмыс беруші ұсынған келісімшартты суретке түсіріп, анасына жіберген. Онда Ресейге қалай баратыны, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесетіні жазылған. Іріктеуден өтсе, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасалып, заңнамада көрсетілген 3 млн рубль көлеміндегі бір реттік төлем және ай сайын 210 мың рубль айлықты алатыны айтылған. Дегенмен, бұл әскери келісімшарт емес. Бұл – қарапайым азамат пен оның Ресейге келуіне жәрдемдесетін өзге бір ұйым арасындағы құжат. Ал Айнабек өзі қол қойған Ресей әскерімен арадағы келісімшартты кейін қолына алмағанын айтқан.

20 жастағы Айнабек – жеті баланың ортаншысы. Алматыдағы Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп, биыл маусым айында Шымкентке, отбасына оралған. Анасының сөзінше, жергілікті мекеменің біріне күзет қызметіне кіріп, 150 мың теңге айлық алып жүрген.

– Үйіміз әлі бітпеген енді. "Анашым, үйімізді бітірейік, ағамды үйлендірейік" деп жүрген. Жетіспеушілік қой... Мен бірақ оған: "Балам, ол жақта соғыс болып жатыр, бармай-ақ қой. 100 теңге тапсақ та, Құдай берекесін берсін, деніміз сау болса, үйіміз бітер" деп айтқанмын. "Ой, анашым, барып істеп келейін" деп қоймай кетіп еді, енді мынандай жағдай болып отыр ғой, – дейді Перизат Елеусізова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қабірге қоймайынша үмітімді үзбеймін". Соғыста өлді деген қазақстандықтар арасында кім бар?

"Мама, мен алданып қалдым"

Айнабек өзімен бірге тағы бірнеше қазақстандық жігіт барын айтқан. Соның бірі – 25 жастағы Орал тұрғыны Нұржан Әдиетов. Оның анасы Гүлдерайым ұлының шекара асып кеткенінен бейхабар болғанын айтады. Айтуынша, Оралдан 60 шақырым жердегі Теректі ауылы маңында жол жөндеу жұмыстарында істеген. Үйіне аптасына бір рет келіп-кетіп жүрген.

– Содан бір күні хабарласып тұр. "Мама, мен алданып қалдым, мүлде білген жоқпын. Кешіріңізші" дейді. "Неге барасың, неге маған айтпадың?" дедім. Жеке куәлігі менде еді, сөмкемде алып жүргенмін, паспортын алып кетіп қалған. Мен жоқта үйге келіп, алып кеткен. Әйтпесе жібермес едім. Білсем, Ақтөбеден кетіп бара жатқанда ҰҚК-ға қоңырау шалып, алып келемін ғой. Қара су ішіп, қара нан жесем де, үйде баламның қасында отырмаймын ба. Енді қай жақтан қоңырау келеді екен деп алаңдап жүрмін, – дейді Орал тұрғыны Гүлдерайым Әдиетова.

Нұржан Әдиетов тамыздың аяғында Ақтөбе арқылы Ресейдің Воронеж облысына жұмысқа кеткен. Айнабек секілді күзетте жұмыс істемек болған. Анасы тұңғышының денсаулығы нашар екенін, тілінің мүкістігі барын, қорыққанда тұтығып, сөйлей алмай қалатынын айтады. Ол Оралдағы музыкалық колледжді тәмамдаған.

– Ішің күйеді. "Не ішіп-жейсіңдер?" деп сұраймын. "Қайдағы жоқ жаман бірдеңелерді әкеп береді" дейді. Өлместің күнін көріп жатыр. Қара су ішсе де, қара нан жесе де, "өлмейсіңдер, тек шыдаңдар, жамандық істемеңдер" деп айтып жатырмын. Білмеймін енді, бүкіл министрлікке жаздым, прокуратураға да жаздым, бәріне кетті. Ешқандай хабар жоқ, – дейді Гүлдерайым Әдиетова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алдаған, арбаған, қорқытқан. Украинада соғысқа қатысты деген 661 қазақстандықтың тізімі шықты


Азаттық қолына Ресейге жұмысқа барамын деп соғысқа тап болған қазақстандықтардың видеосы түсті. Сапасы нашар кадрлардан Айнабек Келдібек пен Мирас Тасжарғанов байқалады.

Редакциямыз бұған дейін Мирас Тасжарғановтың ісі жайлы хабар шығарған.

Видеодағы қалған азаматтардың кім екені жайлы әзірге ақпарат жоқ. Жігіттердің туыстарына жіберген геолокация деректеріне қарағанда, Мирас пен Айнабек Украинадағы Луганск облысының солтүстігіндегі Белолуцк ауылының маңында жүрген. Бұл аумақ 2022 жылдан бері Ресейдің бақылауында. Ашық дереккөздерде өңірдің осы бөлігінде Ресей әскері мен әскери инфрақұрылым бар екені айтылады. Бұған дейін Азаттық осы мәселеге қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сауал жолдаған. Министрлік сауалға жауабында Ресейге нота жолдағанын айтқан.

"Ағымдағы жылғы 17 қыркүйекте елшіліктің консулдық бөлімі Гүлжан Тасжарғановамен және оның ұлы Мирас Тасжарғановтың өзімен байланыс орнатып, анасы ұсынған мәліметтерді растады. Телефон арқылы сөйлесу барысында Мирас Тасжарғанов осындай қиын жағдайға тап болғанын және онымен бірге еліміздің тағы бірнеше азаматы бар екені, олардың елге қайтуына жәрдем көрсетуді сұрағаны анықталды. 2026 жылғы 18 қыркүйекте елшілік Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігіне аталған азаматтардың Қазақстанға қайтуына жәрдем көрсету туралы нота жолдаған" деді Қазақстан сыртқы істер министрлігі.


Ресей жағында соғысып жүрген қазақстандықтармен сөйлесіп, "Умереть за Путина" деп аталатын деректі фильм шығарған журналист Лұқпан Ахмедияров Қазақстан азаматтарын Ресей әскеріне тартудың үш айла-амалын атап өтті.

Оның сөзінше, бірінші амал – "ақшамен алдап-сулап шақыру". Екінші амал – Ресейге түрлі себеппен барған Қазақстан азаматына қалтасына есірткі салып жіберіп, тергеу изоляторында қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға итермелеу.

"Ресейліктердің тағы бір амалы – Орталық Азия елдерінің азаматтарын қарапайым жұмысқа шақырады" деді Ахмедияров Азаттыққа. "Жиһаз цехі дейді, ет комбинаты дейді, шұжық қаптау дейді. Интернетте ондай хабарлама көп қой. Вахтаға да шақырғанда. Ондағы механизм мынадай: Қазақстан азаматы жұмыс істеймін деп барады. Олар "сені алып келуге шығындандық" деп бірінші айлығының едәуір бөлігін ұстап қалады. Екінші және үшінші айлықты сылтауратып толық бермейді. Ал үш айдан кейін миграция полициясы келеді де, "90 күн өтіп кетті, заңды бұздың" деп қамап қояды. Сол жерде азаматтарымызды қорқытып, үркітеді. Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыр, сонда саған ештеңе болмайды, керісінше ақша табасың" деп үгіттейді".