Ұлттық банк бөліп төлейтін қарызды да бақыламақ. Бұл халық пен бизнеске қалай әсер етеді?

"Тауарды қазір сатып ал да, кейін төле" жүйесі қазақстандықтардың көбін қарызға батырды" дейді Ұлттық банк. Сондықтан қаржы органы тауар немесе қызмет ақысын "бөліп төлеу" жүйесінде бақылауға алмақ. Мұнда әңгіме банктер рәсімдеп жүрген бөліп төлеу туралы емес, қаржы ұйымына жатпайтын компаниялардың қызметі жайлы болып отыр. Ұлттық банк мұны қалай реттегісі келеді? Бұл бақылау тұтынушыға және бизнес иелеріне қалай әсер етеді?

НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Бір затты бөліп төлеуді банк нарығында "Buy now pay later" (BNPL )деп айтады, ағылшыншадан аударғанда "қазір сатып ал да, кейін төле" деген мағынаны білдіреді. Мысалы, сіз банктың қосымшасынан ұялы телефон сатып алып, ақшасын 6 айға бөліп төлейтін болдыңыз. Бұл "пайызсыз бөліп төлеу" деп аталса да, банкпен несие келісімшартын жасасқаннан кейін, ол сіздің атыңызға несие берешегі болып көрінеді. 1 шілдеден бастап банк арқылы "бөліп төлеумен" тауар не қызмет алсаңыз, бәрі несие тарихыңызға енгізіледі.

Бұған дейін банктер мұндай қызметті сатып алушының табысына, несие тарихына мән бермей оңай рәсімдейтін. 1 шілдеден бастап банктер адамның ресми табысы, зейнетақы мен медициналық сақтандыру жүйесіне түсетін аударымдары сияқты деректерін ескере бастады. Яғни, затты бөліп төлеу алу тәртібі қиындай түсті.

Бірақ қазір банктерден бөлек, "бөліп төлеуді" оңай рәсімдейтін қаржы ұйымына жатпайтын компаниялар да бар. Олар адамның төлем қабілеті мен несие тарихын банктер сияқты толық көре алмауы мүмкін. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай "қаржы ұйымына жатпайтын" компаниялардың қызметіне алаңдап отыр. Ұлттық банк тауар не қызмет құнын бөліп төлеуге мүмкіндік беретін қаржы ұйымына жатпайтын компаниялардың модельдерін бірнеше топқа бөлген. Олар:

Факторингпен айналысатын ұйымдар. Мұнда үш тарап болады: Сатушы – сатып алушы – қаржыландырушы ұйым. Бұл көбіне тұтыну тауарларын алғанда қолданылады. Мысалы, сіз техника дүкеніне бардыңыз. Дүкенде тауарды бөліп төлеуге мүмкіндік беретін компанияның өкілі бар. Ол сізбен "Азаматтық-құқықтық шарт" жасасып, тауарды алуға қаржы береді.

Тауарды жалға беріп, кейін сатып алуға мүмкіндік беретін ұйымдар. Мұнда адам тауарды бірден сатып алмайды: әуелі жалға алады, белгілі бір уақыт төлем жасайды, кейін сол тауарды өз меншігіне сатып алады. Бұл көбіне автокөлік немесе жылжымайтын мүлік алғанда қолданылып жүр.

Мобильді операторлар. Мұндай "бөліп төлеуді" мобильді операторлар да рәсімдеп жүр. Олардың жарнамасын онлайн-қосымшасынан жиі көруге болады. Онда азамат ұялы байланыс қызметіне келісімшарт жасап, сонымен бірге телефон немесе басқа гаджет сатып алады. Гаджет үшін төлем де осы келісімшарт аясында бірнеше бөлікке бөлінеді.

Құрылыс компаниялары. Пәтер сатып алғанда ақысын бірден толық төлемей, "үлестік қатысу шарты" немесе "бөліп төлеу шарты" арқылы бірнеше кезеңмен төлеуге мүмкіндік береді.

Мұның бәрі сырттай қарағанда "тұтынушылық несиеге" ұқсайды. Бірақ бұлар заң жүзінде банк несиесі болып саналмайды. Демек кей жағдайда шарттары қаржы нарығын реттейтін талаптар аясынан шығып кетеді. Ұлттық банк осының кесірінен тұтынушының құқығын қорғауда қиындық туады және азаматтардың қарыз жүктемесі тым ауыр боп кетеді деп отыр. Мұны реттеу үшін мемлекеттік органдар мұндай бөліп төлеу туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруді және кейбір модельдерді тұтынушылық кредит деп қарастыруды ұсынып отыр. Осы ұсыныстар бойынша 3 қарашаға дейін талқылауға уақыт берілген.

"ҰЛТТЫҚ БАНК ЖҰРТТЫҢ ҚАРЖЫ ЖҮКТЕМЕСІН ТОЛЫҚ КӨРГІСІ КЕЛЕДІ"

Азаттық Ұлттық банк бастамасын экономика, қаржы саласындағы сарапшы Айбар Олжаймен талқылады.

Азаттық: Ұлттық банктің тауарды бөліп төлеуге беретін қаржылық емес ұйымдарды бақылауға алу жоспары қарапайым тұтынушыға қалай тиюі мүмкін?

Экономика сарапшысы Айбар Олжай.

Айбар Олжай: Ұлттық банк адамдардың қаржы жүктемесінің толық картинасын көргісі келеді. Себебі BNPL моделімен алынған бөліп төлеу қарыздары адамның несиелік-қаржылық жүктемесінің ішіне кірмейді. Өйткені "бөліп төлеуді" берген ұйым өзінің есебін мемлекеттік несие бюросына жібермейтін. Сонда шын мәнінде ол адамның қанша қарызы бары, ай сайын кредитке қанша төлеп отырғанының картинасы толық ашылмайтын. Мысалы, екі банкте кредиті бар, содан кейін ұлттық банкте, қаржыларды реттеу агенттігіне көрінбейтін үш "бөліп төлейтін" қарызы бар делік. Бұл – адамның қаржылық жүктемесі, бірақ ол жүйеде көрінбейді. Демек ол адамның тағы кредит алуға мүмкіндігі болады. Шын мәнінде, оның қарыз жүктемесі ауыр. Ұлттық банк осының бәрін көргісі келеді. Бұл өзгеріс енгізілсе, бәрін қысып тастайды дегенді білдірмейді. Ұлттық банк BNPL моделімен жұмыс істеп, бөліп төлеу қарызын берген компанияларға кредиттік есепті беріп отыруды міндеттемек.

Азаттық: Яғни, бұл болашақта халық банктерден несие алатын болса әсер етеді ғой?

Айбар Олжай: Айтарлықтай әсер етеді. Бөліп төлейтіні табыс коэффиценті мен карыз коэффицентін нашарлатады. Демек кредит алуы қиындауы мүмкін.

Азаттық: Бөліп төлеу қарызын бақылауға алатын болса, тауарын осы жүйемен сатып отырған кәсіпкерлердің жұмысына қалай әсет етеді? Табысы азайып кетпей ме?

Айбар Олжай: Бұл компаниялар қазір есеп беріп отыруы керек. Бірақ сатушыларға кредит коэффиценті төмен адамға кредит берме деген нұсқаулық келген жоқ. Ұлттық банк алдымен есепті алады. Кейін бұл қарыз жүйеге енгізілуі мүмкін. Қазір сатушылар үшін ештеңе өзегрмейді. Дегенмен жағдай нашарласа ұлттық банк шектеулер енгізуі мүмкін.

Азаттық: Қазақстанда бөліп төлеу біраздан бері бар. Әлемнің көп елінде де бар. Қазақстан мен басқа елдерде бөліп төлеу қарызының ұқсастығы, ерекшелігі қандай?

Бізде бөліп төлеу қарызы бойынша ұлттық есеп жоқ. Бірақ бізде кредит сомасы бойынша ресми статистика бар. Қазақстанда 26 трл теңге – жеке адамдардың банк пен микроқаржы ұйымдар алдындағы қарызы.

Айбар Олжай: Бөліп төлеудің ерекшелігі жоқ, барлығында жасырын процент бар. Жасырын процент "маркетплейс – сатушы – сатып алушы" арасында болып жатыр. Мысалы, қалтаңыздағы ақшамен 100 мың теңгеге сатып алатын дүниені бөліп төлеу қарызымен алсаңыз 120 мың теңге болады. Шын мәнінде, сіз бөліп төлеймін десеңіз 20 пайыз қосып өтейсіз.

Азаттық: Ecommerce News басылымының хабарлауынша, биыл көктемде Ұлыбританияда орналасқан халықаралық нарықтық және қоғамдық пікірді зерттейтін YouGov деген компания Еуропаның бес елінде осы бөліп төлеуге қатысты сауалнама жүргізген екен. Еуропа одағының ресми сауалнамасы емес бұл. Респонденттердің жауабына қарағанда, Франция 55%, Германия 49%, Австрия 43%, Италия 41% Швейцария 25% пайыз тұтынушы бөліп төлеуге жүгінеді жәні басым бөлігі анда-санда депті. Қазақстанда осындай қоғамдық сауалнамалар жүргізіле ме, дерек таба алмадым. Сіздіңше, мұндай пайыздық есеппен алса Қазақстандағы ахуал қалай болар еді?

Айбар Олжай: Бізде бөліп төлеу қарызы бойынша ұлттық есеп жоқ. Бірақ бізде кредит сомасы бойынша ресми статистика бар. Қазақстанда 26 трл теңге – жеке адамдардың банк пен микроқаржы ұйымдар алдындағы қарызы. Қазақстанда 18 жастан асқан экономикалық белсенді 9 миллионан аса адам бар. Демек экономикалық белсенді адамның шамамен бір кредиті бар деген сөз. Яғни, бір адамда кредит болмауы мүмкін, бір адамда бірнеше кредит болуы мүмкін. Сонда жаққанда әр адамда бар деп шығарады статистика. Есепте 2,5 триллион теңге – бөліп төлеу қарызы. 26 трлн теңгенің негізгі үлесі – ипотека мен автокредит, үлкен сомалар.

Азаттық: Кейде жұрт көлікті де, үйді де бөліп төлеуге алып жатады, бұл қалай есептеледі?

Айбар Олжай: Біз айтып жатқан 2,5 трлн теңге – сол банк арқылы алынған бөліп төлейтін қарыздар. Ал құрылыс компаниясы мен сатып алушы арасында келісілген бөліп төлеу қарызының статистикасын қазір айту қиын. Себебі ол банктің есебінде жоқ. Сондықтан біздің айтып жатқанымыз қазір көрініп тұрған бөліп төлеу қарыздары. Егер мұндай бөліп төлеу қарыздарының бәрін қоссақ елдегі несие 35 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Меніңше, 10 трлн теңге бөліп төлейтін қарыз қазір көрінбей тұр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстанда доллар неге арзандап жатыр? Әрі қарай не болады? Сарапшының жауабы