Рубио: Ресейдің Украинадағы соғысы аймақтық қақтығысқа ұласуы мүмкін

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Лиссабондағы баспасөз мәслихатында. 8 қазан 2026 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресейдің Украинаға қарсы соғысы тығырыққа тірелгенін, алайда тараптардың бірі жағдайды өзгерту үшін қауіпті әрекеттерге барса, қақтығыс кең ауқымды аймақтық соғысқа ұласуы мүмкін екенін ескертті.

НАТО мүшелері – Исландия, Грекия және Португалияға жасаған сапарының соңғы аялдамасы Лиссабонда сөйлеген Рубио Вашингтон соғысты түптің түбінде келіссөз арқылы реттеу қажет деп санайтынын және дипломатиялық күш-жігерге жәрдемдесуге дайын екенін айтты.

Рубио бұл сөзді айтқанда Украинаның Краматорск қаласына ондаған адамның қазасына әкелген шабуыл жасалды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, 8 қазан күні қаладағы екі автобусқа жасалған соққыдан кемі 33 адам мерт болған.

Азаттық тілшісі мемлекеттік хатшыдан Ресейдің Украинаға шабуылы және НАТО-ның шығыс шекарасындағы қауіпсіздік жайлы сұрады. Рубио бұл қақтығысты тығырыққа тірелген "өте қауіпті соғыс" деп атап, мұндай соғыс әдетте келіссөзбен немесе эскалациямен аяқталады деді.

Бірінші нұсқа қос тараптан күрделі компромисті қажет етеді. Екінші нұсқада не Ресей, не Украина әскери тепе-теңдікті өзгерту үшін соғысты ушықтыруға баруы ықтимал.

"Бұл өте қауіпті" деді Рубио.

Мемлекеттік хатшы соғыс ушығатын болса, көршілес НАТО елдерінде диверсия жасалуы мүмкін екенін, мұның қақтығыс ауқымын ұлғайтып жіберуі мүмкін екенін ескертті.

"Бұл тез арада екі ел арасындағы соғысты әлдеқайда қауіпті аймақтық соғысқа айналдыруы ықтимал" деді ол.

"Жеме-жемге келгенде біз бұл жерде әскери шешім барына сенбейміз... Соғыс аяқталғаны дұрыс және келіссөз арқылы жасалатын бітім неғұрлым ерте болғаны соғұрлым жақсы деп санаймыз".

Португалияның сыртқы істер министрі де соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық әрекеттерді қолдайтынын айтып, Ресейдің басқыншылығы халықаралық құқықты бұзатынын және кез келген бітім Украина егемендігін құрметтеуге тиіс екенін мәлімдеді.

Рубио НАТО-ның қорғаныс шығындары туралы пікірталасқа да тоқталып, әскери шығындарды жай ғана "көбірек ақша жұмсау" емес, қорғанысқа салынған инвестиция ретінде қарастыру қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, НАТО-ға мүше әр елдің әскери әлеуетін күшейту альянстың тұтастай қуатын арттырып, қарсыласты тежеу қабілетін нығайтады.

Рубио НАТО-ның негізгі міндеті қорғаныс екенін, ал альянстың сенімділігі оған мүше елдердің әлеуетіне байланысты екенін атап өтті.

"НАТО-ның маңызы зор. Ол ықпалды болуы үшін күшті болуы керек. Ал НАТО-ның күшті болуы үшін оған мүше мемлекеттер де күшті болуы қажет" деді ол.

АҚШ мемлекеттік хатшысының сөзінше, одақтас елдердің жағдайы әртүрлі болғандықтан, НАТО-ға олардың бәрі бірдей үлес қоса алмайтынын айтты. Дегенмен әр мемлекет қолынан келгенше өз әскери әлеуетін барынша дамытуы керек.

Ол сондай-ақ озық әскери технологиялар мен қару-жарақтың келесі буынын жасау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды. Оның айтуынша, болашақтағы қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін одақтастар бірлесіп жұмыс істеуі қажет.

Еуропадағы АҚШ күштерінің саны жөнінде талқы жүріп жатқан тұста еуропалық одақтастар АҚШ-қа қаншалық сенім арта алады деген сұраққа Рубио НАТО-ның әскери әлеуеті мен қарсыласты тежеу қабілетін сақтау маңызды деп жауап берді.