Украинада Ресей жағында соғысқан Бангладештің 20 азаматы қаза болды

Украинада Ресей әскері жағында соғысқан Бангладештің 20 азаматы қаза болды. Бангладеш билігі азаматтарды алдап, соғысқа тартқан болуы мүмкін деп күдіктенеді.

14 қазанда Даккада өткен баспасөз мәслихатында Бангладеш полициясының арнайы әрекет ету батальонының командирі Мохаммад Асадуззаман биыл 7 мамырда Ресейге жеткізілген Бангладештің 30 азаматының жоғалуына қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Полицияның пайымдауынша, олардың жоғалуына үш ұйымның қатысы болуы мүмкін. Сол ұйымдардың өкілдері азаматтарға Ресейде құрылысшы болып жұмыс істеп, қомақты ақша табуға уәде берген. Алайда Ресейге барған соң, олар әскери бөлімдерге жіберілген.

Асадуззаманның айтуынша, соғысқа жіберілген бангладештіктер бұған дейін әскери қызметте болмаған. Олардың денсаулығы мен физикалық дайындығы да әскери қызметке жеткіліксіз болған. Соған қарамастан небәрі үш апталық дайындықтан кейін майдан шебіне жіберілген.

Тергеушілер Ресей әскері бангладештіктерді «жем» ретінде пайдаланып, оларды әдейі дрондардың соққысына ұшыратқан болуы мүмкін деп күдіктенеді. Болжам бойынша, мұндағы мақсат — дрон операторларының орналасқан жерін анықтау.

Тергеу деректеріне сәйкес, 30 адамның 20-сы Украинаның дрон соққысынан қаза тапқан. Тағы екеуі жараланып, Бангладешке оралған. Жараланған тағы екі адам Ресейдегі ауруханаларда емделіп жатыр. Қалған алтауы әлі де соғыста жүр.

Бангладеш полициясы азаматтарды соғысқа тартты деген күдікпен екі адамды тұтқындады. Полицияның мәліметінше, олар бірнеше елдің азаматтарының қатысы бар желіде істейді.

  • 2026 жылғы сәуірде Халықаралық адам құқықтары федерациясы (FIDH), Украинаның Truth Hounds құқық қорғау ұйымы және Қазақстанның Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы дайындаған баяндамада Ресей 2022 жылғы ақпаннан бері Украинаға қарсы соғысқа 130-дан астам елден кемінде 27 мың шетел азаматын тартқаны айтылған.
  • Украина билігінің мәліметінше, Ресей қарулы күштері қатарында соғысқан кемінде 3 388 шетелдік қаза болған. Олардың басым бөлігі соғысқа жіберілгеннен кейінгі алғашқы айларда көз жұмған.