Стамбұлда 26 жастағы қазақ қызы қаза тапты. Екі адам ұсталды

Стамбұлда 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова қаза тапты. Оның өлімі бойынша екі адам ұсталды. Оның бірі – көрші әйел, бірі – Бекмахановамен қарым-қатынаста болды деген ер адам. Бұл туралы Түркияның DHA агенттігі хабарлады.

Қайғылы жағдай 25 қазан күні Шишли ауданында болған. DHA агенттігінің тергеу органдарына сілтеп таратқан ақпаратына қарағанда, Бекмаханова өзі тұратын алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көрші үйдің шатырына шығып, шатырдың үстінен өтпек болғанда панельдердің бірі сынып кетіп, марқұм қос ғимараттың ортасына құлаған.

Оқиға орнына келген дәрігерлер Бекмаханованың қаза тапқанын анықтаған.

Тергеу кезінде Қазақстан азаматының оқиға алдында түсірілген суреті шыққан. Ол суретте қыздың шатыр шетінде отырғаны көрінеді. DHA ақпаратына қарағанда, ол суретті сағат 08:12 шамасында пәтердегі 22 жастағы көршісі, Дарья есімді Ресей азаматы түсірген.

Тараған алдын ала мәлімет бойынша, Дарья Бекмахановаға шатырда отыру қауіпті екенін ескерткен, бірақ Бекмаханова отыра беретінін айтып, көршісіне ұйықтай бер деген. Дарья көп ұзамай қатты музыкадан оянып кетіп, бөлмеде құрбысы жоқ екенін аңғарғанын, көрші үйдің шатырындағы панель бұзылғанын, жерде Бекмаханова қозғалыссыз жатқанын көргенін айтқан.

Тергеушілердің анықтауынша, осы оқиғаға дейін Бекмаханова 35 жастағы Мазхар Т. есімді дүкен иесімен кездесіп жүрген. Ол Бекмаханованың таңғы 05:30-да дүкенге келіп, ол жерден 07:40-та шығып кеткенін айтқан.

Түркия агенттігінің дерегінше, Бекмаханова мен оның көршісі Түркияға 8 қыркүйек күні келген. Тергеу аясында полиция прокуратураның бұйрығы бойынша Дарья мен Мазхар Т. Есімді азаматтарды ұстаған. Олардың процессуалдық мәртебесі әзірге белгісіз.

Қазаның себептері әлі анықталып жатыр. Әзірге түрік билігі қорытынды шығармады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Бекмаханованың қазасын растады.