Францияда 31 қазанда өткен жаппай наразылық акциялары кезінде полиция 565 адамды ұстады. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған Le Journal du Dimanche хабарлады.
Франция ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүкіл ел аумағында өткен шерулерге шамамен 320 мың адам қатысқан. Оның 70 мыңы Париждің үлесінде. Ал ұйымдастырушылар акцияға қатысқандардың жалпы саны 800 мың деп отыр. Ел астанасында полиция 5700-ден астам тексеру жүргізіп, 79 адамды ұстаған.
Парижде шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болды. Шарантон қақпасы маңында полиция қызметкерлеріне жанғыш қоспасы бар бөтелкелер лақтырылған. Билік өкілдерінің мәліметінше, бес полицей жарақат алған, олардың үшеуі Молотов коктейлін қолдану салдарынан зардап шеккен. Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес полицейлердің біріне жасалған шабуылды "кісі өлтіруге оқталу" деп атап, тәртіпсіздікке қатысушыларды зорлық-зомбылық жасады деп айыптады.
Франциядағы наразылықтар 21 қыркүйекте жоғары сынып оқушыларының ереуілінен басталды. Олар мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер мен мектеп психологтарының тапшылығына наразы болған. Кейін оларға кәсіподақтар, "сары жилеттер" қозғалысының қатысушылары және басқа қалалардың тұрғындары қосылды.
Наразылық білдірушілердің талаптары арасында жалақы мен зейнетақыны көтеру, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және өмір сүру құнының өсуіне қарсы шаралар қабылдау сияқты мәселелер бар.
Германияда жастардың Gen Z regelt ("Z ұрпағы жауапкершілікті өз қолына алады") қозғалысы ұйымдастырған наразылық акцияларына мыңдаған адам қатысты. Шерушілер мемлекеттік шығындардың қысқаруына, білім беру саласын қаржыландырудың жеткіліксіздігіне, өмір сүру құнының қымбаттауына және міндетті әскери қызметке қарсы шықты.
Акциялардың басым бөлігі бейбіт өткен. Алайда сенбі күні кешке бірнеше қалада тәртіпсіздік басталды. Франкфуртта шерушілер тобы дүкендердің, соның ішінде қару-жарақ дүкенінің витриналарын сындырған. Полиция мәліметінше, дүкеннен екі қару ұрланған. Күдікті ұсталып, қару тәркіленген. Тәртіпсіздікке қатысушыларды тарату үшін полиция су атқыш машиналарды қолданды.
Гессен федералдық жерінің ішкі істер министрі Роман Посек Франкфурттағы шеруге шамамен жүз солшыл экстремист қосылды деп мәлімдеді. Ол полиция қызметкерлеріне шабуыл жасауды және дүкендерді тонауды айыптап, Германия Франциядағы оқиғалардың қайталануына жол бермеуге тиіс деді.
Берлинде полицияның мәліметінше, 27 қызметкер зардап шегіп, 56 адам ұсталған. Гамбургте шерушілер отшашу атып, қоршауларды өртеген. Онда 120 адам ұсталды. Кёльнде тәртіпсіздікке қатысушылар орталық теміржол вокзалы маңында полицейлерге бөтелкелер мен басқа да заттарды лақтырған.
Өмір сүру құнының өсуіне және әлеуметтік шығындардың қысқаруына қарсы наразылық акциялары Италия, Португалия және Еуропаның басқа елдерінде де өтті. Рим мен Туринде полициямен қақтығыс болды. Ал Португалияда құқық қорғау органдары тұрғын үйді жалға беру туралы заң жобасына қарсы акцияға қатысушылар тіккен шатырлы лагерьді тарата бастады.