Олешкидегі "тыныштық режимі" аяқталды. Мелания Трамп: 800-ге тарта адам эвакуацияланды

Украинаның Херсон облысына жататын, 2022 жылдан бері Ресей бақылауында болған Олешки қаласындағы "тыныштық режимі" аяқталды. Бұл туралы Украинаның адам құқығы жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец мәлімдеді.

27 қазан мен 1 қараша аралығында осы қала төңірегінде "тыныштық режимі" жұмыс істеп, Ресей де, Украина да шабуылдамауға келіскен.

Днепр өзенінің Херсонға қарама-қарсы жағасында орналасқан бұл қала бірнеше жыл бойы Ресей бақылауында болып, қала тұрғындарына азық-түлік пен ауызсу тапшылығынан аштыққа ұшырау қаупі төнген.

"Тозақтан құтылдық": эвакуацияланған Олешки тұрғындары туыстарымен қауышты

Қаладағы қиын жағдай халықаралық деңгейде талқылана бастап, АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамптың мұрындық болуымен Украина мен Ресей Олешки қаласындағы гуманитарлық операцияға келіскен.

"Тыныштық режимі" аяқталып, эвакуация іске асқан соң, Мелания Трамп мынадай мәлімдеме жасады:

"Миссия сәтті өтті: аймаққа өмірлік маңызы бар көмек жетті және 800-ге тарта адам эвакуацияланды. АҚШ атынан Ресей мен Украинаға Олешкидегі бітім мәселесіндегі әріптестігі үшін алғыс айтамын. Олешки екі ел арасында ұзақ мерзімді бейбітшілікке бастайды деп үміттенемін".

Лубинец өз мәлімдемесінде екі тарап та "тыныштық режимі" жөніндегі міндеттемелеріне берік болғанын айтып, Ресейдің адам құқығы жөніндегі уәкілі Яна Лантратовамен бірге жаңа гуманитарлық бастамаларды қарастырып жатқанын жеткізді.

Лантратова да осыған ұқсас мәлімдеме жасады.